Фото: ТЖМ
Ресей президенті Владимир Путин мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев екіжақты қарым-қатынастардың шиеленісінен кейін алғаш рет кездесті. Кездесу барысында Путин Ақтау маңында орын алған AZAL әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатына қатысты түсініктеме берді, деп жазды qandastar.kz
Путиннің айтуынша, апат кезінде әуе кеңістігінде украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттары – дрондар болған.
"AZAL ұшағы апатқа ұшыраған күні Ресей аумағына үш украин дроны кіріп кетті. Біздің әуе қорғаныс жүйеміз оларды бақылап отырды", – деді Ресей президенті.
Сондай-ақ, ол ресейлік зымырандардың ұшаққа тікелей соққы жасамағанын атап өтті.
"Әуе қорғанысы жүйесінен атылған екі зымыран ұшаққа тура тимеген, бірақ олардың жарылысы жақын маңда болған. Соның салдарынан ұшақ жарықшақтардан зақымданған", – деді Путин.
Президенттің айтуынша, апат алдында ұшқыштарға Махачкалаға қону ұсынылған, алайда олар бастапқы бағытына – Баку қаласына оралуды жөн көрген. Путин бұл оқиғаның жан-жақты зерттеліп, нақты себептері анықталғанын мәлімдеді.
Әлиев: Бұл - ауыр қателік
Бұған дейін Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев ресейлік күштердің әрекетін қатты сынға алған болатын. Al Arabiya телеарнасына берген сұхбатында ол Ресей әуе қорғаныс жүйесінің қауіп кезінде қолданылатын “Ковер” режимін іске қоспағанын, яғни ұшаққа ескерту жасалмағанын айтты.
"Дәл осындай бағытпен екі апта бұрын ұшқан басқа ұшағымыз ескерту алғаннан кейін кері бұрылған еді. Бұл жолы ешқандай хабарлама берілмеді. Ұшақ атып түсірілгеннен кейін ғана белгі берілді. Мұны тергеуді бұрмалау әрекеті деп санаймыз", – деді Әлиев.
Оның айтуынша, ұшаққа екі мәрте соққы жасалған. Экипаж кәсіби шеберлігі мен батылдығының арқасында әуе кемесін апатты жағдайда Қазақстан аумағына қондыра алған.
"Кейбір жолаушылар аман қалды және олар оқиғаны растап отыр. Біз оқиға орнына дереу мамандарымызды жібердік. Олар фюзеляждағы жарықшақтарды видеоға түсіріп, ұшаққа ресейлік зымырандардың соққы жасағанын нақтылап берді", – деді Әлиев.
Әзербайжан Ресейден жауапкершілік күтеді
Ильхам Әлиев бұған дейін орын алған оқиғалармен салыстыра отырып, Әзербайжан тарапынан ұшақ атып түсірілген жағдайда бірден кешірім сұрап, өтемақы төленгенін еске салды.
"2020 жылы Қарабақ соғысының соңғы күнінде біздің күштер ресейлік ұшақты байқамай атып түсірген еді. Мен сол күні Путинге хабарласып кешірім сұрадым, ұшқыштардың отбасына өтемақы төленді. Ал бұл жолы Ресей тарапынан ешқандай ресми жауап та, әрекет те болмады", – деді ол.
Президенттің айтуынша, Ресей тарапы бұл оқиғаға байланысты үнсіз қалуы – екі ел арасындағы қатынасты нашарлатқан.
"Халқымыз әділ тергеу күтті. Алайда оның орнына Ресейде әзербайжандықтарға қарсы қысымдар басталды. Екі азамат азаптап өлтірілген. Ал кейін олар “жүрек талмасынан қайтыс болды” деп көрсетілді. Бұл – біздің халқымызға қарсы жасалған ауыр әрекет", – деді Әлиев.
Сұхбат барысында Әлиев өңірлік қауіпсіздік мәселесіне де тоқталды. Ол Армения аумағында Ресейдің әскери базалары мен шекарашылары орналасқанын, ал Әзербайжанда бірде-бір ресейлік әскери күш жоқ екенін айтты.
"Арменияда не болатынын білмеймін, бірақ жамандық туралы ойлағым келмейді", – деп түйіндеді ол.
Еске сала кетейік...
2024 жылдың 25 желтоқсанында Баку – Грозный бағыты бойынша ұшып бара жатқан AZAL жолаушылар ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған, олардың ішінде 38 жолаушы қаза тауып, 29 адам тірі қалған. Халықаралық авиация ұйымдары бұл оқиғаны әділ әрі ашық тергеуге шақырды.
Қазақстан мен Әзербайжан билігі апаттан кейін құтқару операцияларына қатысқан азаматтарды марапаттады. Кейін Әлиев бұл апатқа Ресей әуе қорғаныс күштерін тікелей кінәлады және жауапты тұлғалардың жазалануын талап етті.