Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Мәртебелі мейманды елорда әуежайында Қазақстан Президенті қарсы алды.
Ресей басшысының ұшағы Қазақстан аумағына енген сәттен бастап Астана әуежайына дейін Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшақтарының сүйемелдеуімен ұшты.
Әуежайда Владимир Путиннің құрметіне арнайы салтанатты рәсім ұйымдастырылды. Ұшақ трапының алдында Құрмет қарауылы ротасы сап түзеп, ресми делегацияны қарсы алды.
Сондай-ақ екі елдің мемлекеттік туларын ұстаған балалар мен Махамбет Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының барабаншылар ансамблі мәртебелі мейманға құрмет көрсетті. Рәсім барысында Қазақстан және Ресей туларын желбіреткен тікұшақтар әуежай аумағының үстімен ұшып өтті.
Әуежай терминалында әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының домбырашылар ансамблі өнер көрсетіп, халықаралық байқаулардың лауреаты Радмир Хайбуллин Құрманғазы күйлері мен орыс халық әндерінен попурри орындады.