Қазақстанға көшіп келген қандастарға жұмыс, баспана және тіл үйрену бойынша қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қазақстанға тарихи Отанына оралған қандастардың жаңа ортаға бейімделуіне көмектесетін шаралар жалғасып жатыр. Оларға құжат рәсімдеуден бастап жұмысқа орналасу мен қазақ тілін меңгеруге дейін қолдау көрсетіледі.
Қандастарға арналған көмек жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу шараларын қамтиды. Ал тұрақты тұруға және қандас мәртебесін алуға үміткерлер арнайы іріктеуден өтеді.
Іріктеу кезінде үміткерлердің білімі, кәсіби біліктілігі мен еңбек өтілі ескеріледі. Ол үшін тест тапсырып, сауалнама толтырып, әңгімелесуден өту қажет.
Қолдау жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын Ақмола облысының Ақкөл ауданынан көруге болады. Мұндағы мансап орталығында қандастар жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңес ала алады.
Сонымен қатар қандастарға қазақ тілін үйренуге жағдай жасалған. Арнайы сабақтарда ересектер кирилл әліпбиін меңгеріп, оқуды және жазуды үйренеді.
Бұл дағдылар оларға құжаттарды өз бетінше рәсімдеуге, қажетті ақпаратты түсінуге және күнделікті өмірге тезірек бейімделуге көмектеседі.