Қарағанды облысында балық аулауға шыққан үш адамның мәйіті судан табылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қаза болғандардың бірі – әйел. Алдын ала мәлімет бойынша, олар мұз астына түсіп кетіп, суға батып кеткен.
Оқиға 17 қарашада болған. 1959 және 1963 жылы туған екі ер адам мен 1963 жылы туған әйел Бородиновка ауылынан оңтүстікке қарай 15 шақырым жердегі су айдынына балық аулауға кеткен. Алайда үшеуі де үйлеріне оралмаған.
Жақындары олардың жоғалғаны туралы сол күні сағат 23:40-та Төтенше жағдайлар департаментіне хабарлаған. Құтқарушылар бірден іздестіру жұмыстарына кіріскен.
Түнгі уақытта жүргізілген іздеу жұмыстарына дрон, тепловизоры бар дүрбі, сүңгуір жабдықтары және Starlink спутниктік байланыс жүйесі жұмылдырылды.
18 қарашаға қараған түні, сағат 01:18-де құтқарушылар үш адамның денесін судан алып шықты. Олар жағадан 10 метр қашықтықта, 2,5 метр тереңдікте жатқан.
Алдын ала болжам бойынша, балықшылар мұз астына түсіп кетіп, суға батқан. Сондай-ақ қаза тапқандардың үстінде құтқару кеудешелері болмағаны анықталды.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.