Қарағанды қаласында «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС жұмыскерлеріне арналған өнеркәсіптік қауіпсіздік форумы өтті. Жиында өндірістік жарақаттанудың алдын алу, тау-кен жабдықтарын жөндеу кезіндегі қауіп-қатерді азайту және еңбек қауіпсіздігін арттыру мәселелері талқыланды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Форум «Қазақмыс» Тобы жариялаған Қауіпсіздік жылы аясында ұйымдастырылды. Оған компания басшылары, кәсіпорын директорлары, учаске басшылары мен бригадирлер қатысты.
Кездесу барысында жұмыс орындарын дұрыс дайындау, жұмыс басталар алдында тәуекелдерді бағалау және өндірістік бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіру мәселелеріне басымдық берілді.
Іс-шараның практикалық бөлімінде қатысушылар өндірістік жағдайларды талдап, соңғы екі жылда болған оқиғаларға сараптама жасады. Нәтижесінде осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін бригадалар, учаскелер және кәсіпорындар деңгейінде жүзеге асырылатын шаралар ұсынылды.
Форум қорытындысы бойынша КМС кәсіпорнында өндірістік тәуекелдерді төмендетуге арналған жоспар жобасы әзірленді. Құжатта шұғыл қабылданатын шаралармен қатар жұмыс үдерісін ұйымдастыруды жетілдіруге бағытталған ұзақ мерзімді шешімдер де қамтылған.
Алдағы екі аптада жоспар нақты іс-шаралармен, оларды орындау мерзімдерімен, жауапты тұлғалармен және тиімділікті бағалау көрсеткіштерімен толықтырылады. Бұдан кейін құжат компания басшылығына ұсынылады.
Форумда әр жұмыскердің қауіпсіздікке деген жеке жауапкершілігіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ қауіпті жағдай анықталған кезде тәуекел толық жойылғанға дейін жұмысты тоқтатудың маңыздылығы атап өтілді.
Компания өкілдерінің айтуынша, Қауіпсіздік жылы аясындағы мұндай іс-шаралар өндірістік тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіруге, жарақаттанудың алдын алуға және кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.