Қарағанды облысында теміржол күзетінің 700-ден астам қызметкеріне бұрын төленбей келген еңбекақы қайтарылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Бұған прокуратураның араласуы себеп болған.
Қарағанды өңірлік көлік прокуратурасы «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС-нің жергілікті филиалында жұмысшылардың еңбек құқығы бұзылғанын анықтады.
Белгілі болғандай, кәсіпорын қызметкерлері әр ауысым алдында міндетті медициналық тексеруден өткен. Алайда осыған жұмсалған уақыт үшін оларға жалақы төленбеген.
Прокуратура анықталған заңбұзушылыққа байланысты шара қабылдап, тиісті наразылық енгізді. Нәтижесінде кәсіпорын оны қанағаттандырып, ішкі құжаттарына өзгерістер енгізуге мәжбүр болды.
Осылайша, 700-ден астам жұмысшыға медициналық тексеруден өтуге кеткен уақыт үшін 5 млн теңгеден астам қаражат төленді.
Енді ауысым алдындағы медициналық куәландыру уақыты да еңбекке ақы төлеу есебіне енгізілді.