1928 жылғы 19 қазанда Қарсақбай мыс балқыту зауытында алғашқы мыс қорытылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Бұл оқиға Қазақстандағы түсті металлургия өнеркәсібінің қалыптасуына жол ашты. Содан бері өндіріс ошағы еңбек дәстүрін жалғастырып, өңірдің индустриялық дамуына үлес қосып келеді.
Қарсақбайдың тарихы XIX ғасырдан басталады. 1847 жылы орыс көпесі Никон Ушаков жергілікті жер иелерінен мыс кен орнын сатып алып, кен өндіруді қолға алған. 1909 жылы кен орны ағылшындардың қолына өтті. Үш жылдан кейін жаңа иелері мұнда мыс балқыту зауыты мен байыту фабрикасын салуды жоспарлаған. Алайда дүниежүзілік және азаматтық соғыстар бұл жұмысты тоқтатты.
Кейін Кеңес үкіметі кен орнын мемлекет меншігіне алып, өндірісті қайта жандандыруға кірісті. 1925 жылы «Атбасартүстімет» тресі құрылып, кен байыту бөлімшесі мен балқыту цехы іске қосылды.
Алғашқы мыс түнгі сағат 23:00-де алынды. 1928 жылғы 16 қазанда зауыттың балқыту пеші қыздырылып, үш күннен кейін алғашқы мыс балқымасы алынды. Бұл Қарсақбай тарихындағы ғана емес, Қазақстан металлургиясы үшін де маңызды оқиға болды.
Сол кезеңде өңірдің болашағын болжаған геолог-ғалым Қаныш Сәтбаев Қарсақбайды Үлкен Жезқазғанды дамытуға бастайтын алғашқы баспалдақ деп бағалаған. Ғалымның болжамы уақыт өте келе жүзеге асып, Жезқазған-Ұлытау өңірі ірі өнеркәсіп орталығына айналды.
Зауыт майданға да көмектесті. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында кәсіпорын қорғаныс қажеттілігіне өнім шығарды. Тарихи деректерге сәйкес, әрбір төртінші оқ пен 32 мың минаның корпусы осында құйылған.
1958 жылы Жезқазған кен басқармасы мен Қарсақбай мыс балқыту зауытының негізінде Жезқазған кен-металлургия комбинаты құрылды. Бұл өңірдің өндірістік әлеуетін одан әрі арттырды.
Үш буынға жалғасқан еңбек дәстүрі
Қарсақбай зауытының тарихында еңбек әулеттерінің орны ерекше. Кәсіпорынды 33 жыл басқарған Қадыр Мәткеновтің жолын ұлы Мұрат Мәткенов жалғастырып, бүгінде Қарсақбай металлургиялық зауытын басқарып отыр. Ал әулеттің үшінші буыны – Әнуар Мәткенов те осы кәсіпорында еңбек етеді.
Қазір зауытта төрт цех жұмыс істейді. Кәсіпорында шойыннан жасалған бұйымдардың 45 түрі өндіріледі. Жылдық өнім көлемі шамамен 190 тоннаға жетеді. Өндірістік жабдықтардың басым бөлігін осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын әкелінген қондырғылар құрайды.
98 жылдық тарихы бар Қарсақбай зауыты – жай ғана өндіріс орны емес, бірнеше буын металлургтің еңбегі мен тәжірибесі тоғысқан кәсіпорын. Оның тарихы Жезқазған өңірінің қалыптасуымен және Қазақстан өнеркәсібінің дамуымен тығыз байланысты.
«Қазақмыс корпорациясы» кәсіпорын ұжымына және өндіріс ардагерлеріне көпжылдық еңбегі, сондай-ақ Жезқазған өңірінің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.