Павлодарда 84 млн теңге қарыз дауы адам өліміне әкелді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Кәсіпкерді өлтірген ер адам 15 жылға сотталды.
Оқиға былтыр 21 ақпанда болған. Сол күні кәсіпкер Асұлан Нұрмағамбетовпен байланыс үзілген. Кейін оның мәйіті табылған.
Сот материалдарына сәйкес, кешкі уақытта кәсіпкер көлігімен таныс ер адаммен кездескен. Әңгіме барысында ол 84 млн теңге қарызын қайтара алмайтынын айтып, біраз уақыт күте тұруды сұраған.
Кейін екеуі гаражға барған. Сол жерде қарыз мәселесі бойынша жанжал туындаған. Сотталушы аңшылық пышағын алып, кәсіпкерге 22 рет соққы жасаған. Жәбірленуші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Қылмыс жасағаннан кейін ер адам серіктесінің көлігін гаражда қалдырып, Ресейге қашып кеткен.
Сот оны аса қатыгездікпен қасақана адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айырды.