Қазақстанда балаларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтар саны төмендеді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында мұндай деректер былтырғы кезеңмен салыстырғанда 3,7%-ға азайған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, оң өзгеріс әсіресе Жамбыл, Атырау, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында байқалған. Дегенмен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында әлі де атқарылуы тиіс жұмыс аз емес.
Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі өңірлердегі білім беру ұйымдарында балалардың құқықтарын қорғау шараларының қалай жүзеге асып жатқанын тексеріп жүр. Әсіресе бұған дейін кәмелетке толмағандарға қатысты қоғамда үлкен резонанс тудырған оқиғалар болған және алдын алу жұмыстары тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған өңірлерге басымдық берілген.
Атап айтқанда, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау және Жетісу облыстарында арнайы мониторинг жүргізілген. Оның қорытындысы мектептер мен басқа да білім беру ұйымдарында балаларды қорғау тетіктерін қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де тиімді қолдану қажеттігін көрсеткен.
Балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін Ішкі істер министрлігімен бірлескен жұмыс та жалғасып жатыр. Енді басты назар қауіп-қатерді ерте анықтауға, әр баланың жағдайына қарай қолдау көрсетуге және құқықтарының бұзылуына дер кезінде әрекет етуге аударылады.
Сонымен қатар педагогтердің жұмысын бағалау жүйесіне де өзгеріс енгізу жоспарланған. Жаңа тәсіл бойынша мұғалімдердің кәсіби қызметін бағалау кезінде балаларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттерді уақытында анықтау көрсеткіші ескеріледі.
Ал 2026-2027 оқу жылынан бастап 5-11 сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсы енгізілді. Сабақ барысында балалар қауіпті жағдайларды ажыратуды, жеке шекарасын қорғауды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды және қажет кезде кімнен көмек сұрау керектігін үйренеді.
Ведомство балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы және «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң аясында жалғастырады.