Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақмыс арнайы киім мен қорғаныс құралдарына 4,44 млрд теңге бөледі

Бақытжан Мұса 17 қаралым
Қазақмыс
Қазақмыс

«Қазақмыс» компаниясы жұмыскерлерді арнайы киіммен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруде. 2026 жылы осы мақсатқа 4,44 млрд теңге қарастырылып, 126 983 дана арнайы киім мен 1,7 млн-нан астам қорғаныс құралын жеткізу жоспарланған. Qandastar.kz сайты хабарлады.

Компания арнайы киімнің сапасын, ыңғайлылығын және еңбек жағдайларына сәйкестігін жақсартуға басымдық беріп отыр. Бұл ретте жұмыскерлердің ұсыныстары ескеріліп, арнайы аяқ киімнің тозуы, қорғаныш көзілдіріктерінің жай-күйі, қолғаптар мен басқа да қорғаныс құралдарының сапасы талқыланады.

2026 жылы жұмыскерлердің санаты мен атқаратын міндеттерінің ерекшеліктерін ескере отырып, арнайы киім мен жеке қорғаныс құралдарының техникалық сипаттамалары бекітілді. Сондай-ақ жаңа маталар сынақтан өткізіліп, мақта мөлшері жоғары материалдарды пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда. Қорғаныш аяқ киімі мен көзілдіріктің үлгілері де жаңартылады.

2026 жылғы 1 қарашадан бастап компанияның үш өңірдегі бөлімшелері мен еншілес ұйымдарын арнайы киіммен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ арнайы киімге күтім жасау қызметін бірыңғай жеткізушіге беру жоспарланған. Бұл жүйені біріздендіріп, арнайы киімді уақтылы ауыстыру мен оған қызмет көрсету жауапкершілігін нақтылауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, металлургиялық кәсіпорындардың жұмыскерлері үшін ыстыққа төзімді плащтар мен алюминийленген қорғаныш костюмдерін жеткізу мәселесі пысықталуда. Ал 2027 жылға арналған қамтамасыз ету нормасында жалпы мақсаттағы қорғаныш каскаларын каскеткаларға ауыстыру көзделген.

Жұмыскерлердің өтініштерін жедел қарау үшін WhatsApp чаттары мен Telegram-бот жұмыс істейді. Олар арқылы арнайы киім беру нормаларын нақтылап, жеке қорғаныс құралдары туралы ақпарат алуға және өтініш жолдауға болады.

Компания арнайы киім мен қорғаныс құралдарының сапасын арттыруға, жұмыскерлердің ұсыныстарын ескеруге және қажетті құралдардың уақытылы берілуін бақылауға басымдық беріп отыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp