Балқаш мыс балқыту зауытында өндірістік ғимараттардың шатырын жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Биыл кәсіпорында жалпы ауданы 27 мың шаршы метрден асатын шатыр жабынын жаңарту жоспарланған. Қазір оның 62 пайызы орындалды.
«Kazakhmys Smelting» ЖШС мәліметінше, 2026 жылы зауыт аумағындағы ғимараттардың шатырын жөндеу аясында 16 871 шаршы метр аумақ жаңартылған. Бұл өндірістік нысандардың жағдайын жақсартып, қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Жөндеу жұмыстарының маңызды бөлігі мыс балқыту цехында жүргізіліп жатыр. Мұнда жалпы 4 868 шаршы метр шатырды қалпына келтіру көзделген. Оның 2 642 шаршы метрі жөнделді. Қалған бөліктердегі жұмыс әлі жалғасуда.
Биыл Балқаш өндірістік алаңындағы ғимараттар мен құрылыстарды жөндеуге 3,74 млрд теңге қарастырылған. Қаржы мыс балқыту және мыс электролизі цехтарына, бағалы металдар мен күкірт қышқылы өндірістеріне, шихта дайындау цехына және басқа да бөлімшелерге бағытталады.
Шатырларды жаңарту ғимараттардың тозуын азайтуға, олардың пайдалану мерзімін ұзартуға және өндірістік инфрақұрылымның сенімділігін сақтауға мүмкіндік береді.
Бұл жұмыстар «Қазақмыс» компаниясының өндірістік нысандарды күтіп ұстау және қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.