Премьер-министр Олжас Бектенов Балқаш мыс қорыту зауытының жұмысымен танысып, құны 750 млрд теңге болатын жаңа мыс қорыту зауытын салу жобасын қарады. Жаңа кәсіпорын іске қосылғанда жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіріп, 1,2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған, деп хабарлайды Qandastar.kz.
«Қазақмыс» өкілдерінің мәліметінше, 1938 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Балқаш мыс қорыту зауыты Қазақстандағы катодты мыс өндірісінің шамамен 51 пайызын қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 220 мың тонна катодты мыс, 1,1 млн тонна күкірт қышқылы, 10 тонна алтын және 400 тонна күміс өндіруге жетеді.
Биыл зауытты жаңғыртуға 21,8 млрд теңге бағытталуда. Оның аясында металлургиялық жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізіліп, өндірістік инфрақұрылым жаңартылуда. Құны 5 млрд теңгеден асатын №1 Ванюков пешін жөндеу аяқталды. 2027 жылы №2 Ванюков пешін жөндеу жоспарланған.
Балқаштағы жаңа мыс қорыту зауытының құрылысына 750 млрд теңге жеке инвестиция салынады. Кәсіпорынның жылдық қуаты 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын және 1,5 млн тонна күкірт қышқылын өндіруге мүмкіндік береді.
Жобаны 2027 жылы бастап, 2030 жылы іске қосу көзделген. Зауыт іске қосылған кезде қызметкерлердің кемінде 90 пайызы қазақстандық мамандардан жасақталады.
Жаңа кәсіпорын заманауи технологиялармен жабдықталып, мыс алу деңгейін 98 пайызға дейін жеткізеді. Сонымен қатар қолданыстағы Балқаш мыс қорыту зауытымен салыстырғанда зиянды шығарындыларды жылына 60 мың тоннадан 5 мың тоннаға дейін азайту жоспарланып отыр.
Премьер-министр мемлекеттік органдарға жобаны белгіленген мерзімде іске қосу үшін қажетті қолдауды қамтамасыз етуді тапсырды.