«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Бұрғылаушылар күніне орай сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады. Ол бұрғылаушылардың тау-кен өндірісін дамытудағы маңызды рөлін атап өтіп, еңбектеріне алғыс білдірді. деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Корпорация басшысының айтуынша, жаңа кен орындарын зерттеу, пайдалы қазбалар қорын нақтылау және болашақтағы өндіріс жұмыстарына дайындық бұрғылау ұңғымаларынан басталады. Бұрғылаушылар геологиялық барлау жұмыстарымен қатар, тау-кен қазба жұмыстарына да қатысады.
Сондай-ақ геологиялық деректердің дәлдігі, бұрғылау-жару жұмыстарының тиімділігі мен өндірістік үдерістердің тұрақтылығы мамандардың кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты екені айтылды.
Руслан Өскенәлі бұл мамандық жоғары біліктілікті, төзімділікті, жауапкершілікті және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды қажет ететінін атап өтті.
Мерекеге орай ол бұрғылаушыларға зор денсаулық, отбасыларына амандық, кәсіби табыс пен жаңа жетістіктер тілеп, техникаларының үздіксіз жұмыс істеуіне және әр жұмыс күнінің сәтті аяқталуына тілек білдірді.