«Қазақмыс» корпорациясы өндірістік қуатты арттыру және кен өндіру жұмыстарын механикаландыру мақсатында тау-кен техникасын жаңартуды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Бұл жолы компания құрамындағы «Жомарт» кенішінің техникалық паркі жаңа Epiroc Boomer M1 бұрғылау қондырғысымен толықты.
Заманауи техника жерасты кен жұмыстарында жарылыс жүргізуге дайындық кезінде қолданылады. Атап айтқанда, ол тау жыныстарын қопару үшін қажетті теспелерді механикаландырылған әдіспен бұрғылауға арналған.
Жаңа қондырғы гидравликалық перфоратормен жабдықталған. Оның көмегімен бұрғылау жұмыстарын белгіленген сызба бойынша дәл орындауға болады. Бұл өндірістік операциялардың тиімділігін арттырып, кен қазбаларын үңгілеу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Техниканы жаңарту – «Қазақмыстың» ауқымды инвестициялық бағдарламасының бір бөлігі. 2026 жылы компания жабдық сатып алуға 21,1 млрд теңге бөлген. Оның 4,65 млрд теңгесі 21 бұрғылау қондырғысын алуға бағытталған.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін жерасты геологиялық барлау жұмыстарына арналған үш Diamec PHC 4 бұрғылау қондырғысын жеткізу жоспарланып отыр.
Компанияның мәліметінше, техникалық паркті жаңартудың басты мақсаты – өндірістік жабдықтардың сенімділігін күшейту, қол еңбегін азайту, жұмыс үдерістерін автоматтандыру және кеншілер үшін қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру.