Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» геологиялық барлауға жасанды интеллект енгізіп жатыр

Малика Хамит
«Қазақмыс» геологиялық барлауға жасанды интеллект енгізіп жатыр

«Қазақмыс» геологиялық барлау жұмыстарын жаңа технологиялар арқылы жаңғыртуда, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Компания жасанды интеллектіні, цифрлық мониторинг пен үш өлшемді модельдеуді қолданып, кен орындарын зерттеу жұмысын күшейтпек. Биыл осы бағыттағы 20 жобаға 18,2 млн доллар инвестиция салынған.

Компанияның бұл бастамасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың геология саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларымен үндес. Президент 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында жер қойнауын зерттеуге заманауи технологияларды енгізу, геологиялық деректердің қолжетімділігін арттыру және елдің минералдық-шикізаттық әлеуетін толық пайдалану қажеттігін атап өткен болатын.

Жасанды интеллект геологтардың жұмысына енгізіледі

«Қазақмыс» Жезқазғандағы Геологиялық кластерде геологиялық зерттеулердің дәлдігін арттыру үшін ANCORELOG және LithoLens кешендерін пайдаланып жатыр. Бұл технологиялар керн сынамаларын зерттеуге және геологиялық деректерді талдауға мүмкіндік береді.

Бұрғылау жұмыстары да цифрлық бақылауға көшіп келеді. Қазір компанияның 50 бұрғылау техникасы онлайн-мониторинг жүйесімен жабдықталған. Ал шалғайдағы кен орындарында тұрақты байланыс орнату үшін Starlink спутниктік интернеті қолданылады.

400 маман жаңа бағдарламаны меңгереді

Компания геологиялық деректерді өңдеу мен кен орындарын модельдеу мүмкіндіктерін де кеңейтуде. Бұл үшін Micromine бағдарламалық жасақтамасы енгізіліп жатыр. Онымен жұмыс істеуді шамамен 400 маманға үйрету жоспарланған.

Сонымен қатар геологиялық ақпаратты бір орталықта жинақтап, сақтауға және талдауға арналған Geobank жүйесі іске қосылуда.

10 айда 71,7 мың метрден астам бұрғылау жүргізілді

Цифрлық технологиялармен қатар, компания геологиялық барлау жұмыстарының көлемін де арттырған. 2026 жылдың алғашқы 10 айында «Қазақмыс» жобалары аясында 71,7 мың қума метр бұрғылау жұмысы орындалды.

Зерттеу жұмыстары Жезқазған кен орнында, Жомарт, Абыз, Нұрқазған және Қажықонған кеніштерінде, сондай-ақ басқа да әлеуеті жоғары учаскелерде жүргізілді.

Компания мамандарды өздері даярлауға басымдық беріп отыр

Геологиялық барлауды дамыту үшін білікті кадрлар да қажет. Осы мақсатта «Қазақмыс» Ұлытау университетімен бірлесіп, инженерлік-техникалық мамандарды даярлау жүйесін жетілдіріп жатыр.

2026 жылдың қыркүйегінде алғашқы лекке 163 студент қабылданды. Оның 103-і – компанияның қазіргі жұмыскерлері.

Осылайша, «Қазақмыс» геологиялық барлау саласын бірден бірнеше бағытта жаңғыртып жатыр. Жасанды интеллект, цифрлық бақылау, үш өлшемді модельдеу және мамандар даярлау жүйесі компанияның геологиялық зерттеулерінің тиімділігін арттырып, минералдық-шикізат базасын нығайтуға бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp