«Қазақмыс» Тобы өндірістік алаңдардағы әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды жаңарту бағдарламасы аясында 34 нысанды жөндеуден өткізді. Жалпы бағдарлама Жезқазған, Балқаш және Қарағанды өңірлеріндегі, сондай-ақ Шатыркөл алаңындағы 90 нысанды қамтиды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Қазіргі уақытта 30 нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал тағы 26 нысанды жаңартуға дайындық басталған.
Жезқазған өңіріндегі «Jezqazgan Tau-ken ondirisi» өндірістік бірлестігінің 17 нысанында жөндеу аяқталды. Батыс Жезқазған кенішінде 73–75-шахтаның тұрмыстық корпусы мен жылы өткелі қалпына келтіріліп, медициналық тексеруден өткізетін автоматтандырылған жүйе орнатылды. Оңтүстік Жезқазған кенішінде әкімшілік-тұрмыстық корпустың бөлмелері мен шатыры жаңартылды. Жомарт кенішінде де тұрмыстық корпустар, терезелер мен есіктер жөнделді.
Балқаш өңірінде алты нысан жаңартылды. Саяқ кенішіндегі «Тастау» асханасы, жуынатын бөлмелер мен сауна жөнделіп, желдету жүйесі жаңартылды. Сонымен қатар Балқаштың өндірістік алаңдарындағы киім ауыстыру бөлмелері мен әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлар ретке келтірілді.
Шатыркөл алаңында әкімшілік-тұрмыстық және тұрғын үй-жайлар, медициналық пункт, кір жуатын орын мен тамақтану бөлмесі жөндеуден өтті.
Қарағанды өңіріндегі «Qaragayly Tau-ken ondirisi» өндірістік бірлестігінің алты нысанында жұмыстар аяқталды. Қарағайлы байыту фабрикасында асхана мен жуынатын бөлме жаңартылса, Қажықонған және Абыз кеніштерінде тұрғын модульдер мен өндірістік-тұрмыстық үй-жайлар жөнделді.
«Kazakhmys Smelting» кәсіпорындарында Балқаш мыс балқыту зауытының санитарлық-тұрмыстық үй-жайларына және Жезқазған мыс балқыту зауытының балқыту цехындағы жуынатын бөлмелерге күрделі жөндеу жүргізілді.
Қазіргі уақытта басқа да өндірістік алаңдарда жөндеу жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, Жомарт кенішіндегі 330 орындық жатақхана, Жезқазған байыту фабрикаларының тұрмыстық корпустары мен медициналық пункті, Нұрқазған, Абыз және Саяқ кеніштерінің әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлары жаңартылып жатыр.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – жұмыскерлерге ауысым кезінде қолайлы жағдай жасау, медициналық тексеруден өтуге, тамақтануға, демалуға және жеке гигиена талаптарын сақтауға қажетті инфрақұрылымды жақсарту.
Компанияның мәліметінше, әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды кезең-кезеңімен жаңарту қауіпсіз әрі лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.