«Қазақмыс» геологиялық барлау жұмыстарына жаңа технологияларды енгізіп жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Енді мамандар кен орындарын зерттеу кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын, лазерлік 3D-сканерлеу мен заманауи геофизикалық әдістерді қолданады. Бұл жер қойнауының құрылымын дәлірек анықтап, жаңа кен орындарын игерудің мүмкіндіктерін бағалауға көмектеседі.
Корпорация Ұлытау, Қарағанды және Абай облыстарындағы перспективалы учаскелер мен жұмыс істеп тұрған кен орындарында зерттеу жүргізіп жатыр. Негізгі мақсат – мыс кенінің болуы мүмкін аймақтарды анықтау, геологиялық мәліметтерді нақтылау және өндірісті тиімді жоспарлау.
Мәселен, Ұлытау облысындағы Тасқұра учаскесінде электрлік барлау жұмыстары басталды. Зерттеу аясында жалпы аумағы 7,1 шаршы шақырым болатын екі учаске қамтылады. Мамандар жер қойнауын 500 метр тереңдікке дейін зерттеп, мыс-сульфидті минералдану белгілері болуы мүмкін аумақтарды анықтамақ.
Жұмыстың жалпы көлемі 156 шақырымды құрайды. Оның 15 шақырымы 2026 жылдың соңына дейін, қалған бөлігі 2027 жылы орындалуы тиіс.
Бұдан бөлек, Абай облысындағы Құсмұрын-Ақбастау кен алаңында 52,4 шақырым электрлік барлау жұмысы аяқталған. Енді ұңғымаларда қосымша зерттеу жүргізу жоспарланып отыр.
Қарағанды облысындағы Бұрнақ кен алаңында 702 шақырым магниттік және 10 шақырым электрлік барлау жүргізілген. Ал Қызыладыр учаскесінде 19,5 шаршы шақырым аумақ зерттелді. Бұл мәліметтер негізінде аумақтың геологиялық картасы мен үш өлшемді моделі жасалады.
Саяқ кен алаңындағы Молдыбай учаскесінде де зерттеудің алғашқы кезеңі аяқталды. Мамандар 310 шақырым аумақта магниттік барлау жүргізіп, енді алынған нәтижелерді өңдегеннен кейін электрлік зерттеудің келесі кезеңіне көшпек.
Корпорация дрондар мен 3D-сканерлеуді де өндірістік жұмыстарға белсенді енгізіп жатыр.
Мысалы, Қарағанды облысындағы Абыз кенішінде дрон арқылы 0,7 шаршы шақырымдық карьер түсірілген. Жиналған мәліметтер негізінде карьердің үш өлшемді моделі, жоспары мен қимасы әзірленеді. Бұл кеніштің қазіргі жағдайын бағалап, оны пайдалану мерзімін ұзарту жолдарын жоспарлауға мүмкіндік береді.
Ал Жыланды кенішінің жер астындағы қазбалары лазерлік 3D-сканерлеу арқылы зерттелді. Нәтижесінде шахтаның жер асты кеңістігінің цифрлық моделі жасалады. Ол тау-кен жұмыстарын талдау мен алдағы өндірістік жоспарларды нақтылауға көмектеседі.
«Қазақмыс» өкілдерінің мәліметінше, заманауи технологиялар геологиялық барлаудың дәлдігін арттырып, кен орындарының әлеуетін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері болашақта жаңа барлау жұмыстарын жоспарлауға және корпорацияның минералдық-шикізат қорын дамытуға пайдаланылмақ.