«Қазақмыс» Тобының Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі №65 шахтада үш жүргізуші бір жер асты жүк көлігінің техникалық жағдайын бірлесе бақылап, оның үздіксіз жұмыс істеуіне үлес қосып келеді. Qandastar.kz сайты хабарлады.
CAT AD45B №437 маркалы жүк көлігі ауысым бойынша Али Соколовқа, Юрий Имельяновқа және Дмитрий Атарскийге бекітілген. Олар техниканы күтіп ұстауға ерекше мән беріп, пайдалану талаптарын қатаң сақтайды.
Жер астындағы жұмыс жағдайы күрделі. Жоғары жүктеме, тар кеңістік пен тегіс емес жолдар техниканың тез тозуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан жүргізушілер көліктің техникалық жағдайын үнемі тексеріп, қажетті күтім жұмыстарын уақытылы жүргізеді.
Жүргізушілердің бірі Дмитрий Атарский кеніште 15 жылдан бері еңбек етеді. Оның жетеуі жүк көлігін басқарумен байланысты. Осы уақыт ішінде ол техниканың ерекшеліктерін жақсы меңгеріп, оны дұрыс пайдаланудың маңызын түсінген.
«Көлікті үнемі таза ұстап, техникалық жағдайын бақылап, абайлап жүргізу керек. Соқтығысуға жол бермеу үшін белгіленген жылдамдықты сақтау маңызды. Шахтада асфальт төселген жол жоқ, сондықтан доңғалақтардың жай-күйіне ерекше көңіл бөлеміз. Май деңгейін тексеріп, тораптарды дер кезінде майлауды қадағалап отыру қажет. Техника үнемі әрі тұрақты күтімді талап етеді», – дейді Дмитрий Атарский.
Оның айтуынша, күнделікті күтім мен жауапкершіліктің арқасында жүк көлігі қарқынды пайдаланылса да, жақсы техникалық жағдайда сақталып келеді.
Ал жөндеу қызметінің мамандары техниканы пайдалану талаптарын сақтау, ақауларды дер кезінде анықтау және сапалы техникалық қызмет көрсету оның мерзімінен бұрын тозуының алдын алатынын атап өтеді.
CAT AD45B №437 экипажының тәжірибесі өндірістегі техниканың ұзақ әрі сенімді жұмыс істеуі жүргізушілердің ұқыптылығы мен ортақ жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін көрсетеді.