Жезқазғанда «Қазақмыс» Тобының мамандары шалғайдағы өндірістік нысанда зардап шеккен жұмыскерді әуе арқылы шұғыл эвакуациялау бойынша оқу-жаттығу өткізді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Жаттығу сценарийі бойынша, «Жомарт» кенішінде төтенше жағдай болып, бір жұмыскерге шұғыл медициналық көмек қажет болған. Мамандар алғашқы көмек көрсетуден бастап, науқасты медициналық мекемеге жеткізуге дейінгі барлық кезеңді пысықтады.
Оқу-жаттығуға «Жезқазған медициналық орталығының» дәрігерлері, «Жезқазған-Эйр» авиакомпаниясының экипажы және корпорацияның жауапты бөлімшелерінің өкілдері қатысты.
Практикалық кезеңде L-410 ұшағы пайдаланылды. Медицина қызметкерлері мен экипаж зардап шеккен адамды әуе кемесіне орналастыру және қабылдаушы тарапқа тапсыру тәртібін көрсетті. Алайда ұшақ бұл жолы әуеге көтерілген жоқ.
Сонымен қатар мамандар әр кезеңге жұмсалған уақытты тіркеп, қызметтер арасындағы байланыстың тиімділігін бағалады. Бұл мәліметтер шұғыл жағдайда әрекет ету алгоритмін жетілдіруге және ықтимал кідірістерді азайтуға көмектеседі.
Айта кетейік, шалғайдағы кеніштерде медициналық көмекті дер кезінде ұйымдастыру аса маңызды. Мұндай жағдайда авиацияны пайдалану науқасты мамандандырылған медициналық мекемеге жеткізу уақытын едәуір қысқартуы мүмкін.