Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» кеніштерге тағы 21 бұрғылау қондырғысын жеткізбек

Малика Хамит
«Қазақмыс» кеніштерге тағы 21 бұрғылау қондырғысын жеткізбек

«Қазақмыс» тау-кен техникасын жаңарту жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Жыл басынан бері компанияның төрт кенішіне жаңа бұрғылау қондырғылары жеткізілген. Ал 2027 жылдың соңына дейін тағы 21 қондырғы сатып алу жоспарланып отыр.

Жаңа техника «Жомарт», «Жыланды», «Нұрқазған» және «Батыс» кеніштеріне берілді. Олардың қатарында Epiroc Boomer M1 D, Sandvik DL431, DL-421 және Sandvik DS 511 маркалы бұрғылау қондырғылары бар.

Сонымен қатар компания қолданыстағы техниканы жөндеу және қалпына келтіру бағдарламасын қолға алған. Бұл мақсатқа 6,7 млрд теңге бөлінді.

Қазірдің өзінде 346 бірлік тау-кен техникасына ағымдағы жөндеу жүргізілген. Оның басым бөлігі Жезқазған өңіріне тиесілі. Мұнда 277 техника жөнделсе, Қарағанды өңірінде – 31, Балқаш өңірінде 38 техника қалпына келтірілді.

Бұдан бөлек, арнайы техникалардың негізгі бөлшектері мен агрегаттарын ауыстыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Қазірге дейін 206 торап қалпына келтірілген. Жыл соңына дейін тағы 96 торапты жөндеу немесе жаңасына ауыстыру көзделген.

Жөндеу жұмыстары Caterpillar, Sandvik және Epiroc маркалы бұрғылау қондырғыларын, жүк көліктері мен кен тасымалдайтын машиналарды қамтиды. Мәселен, биыл екі бұрғылау каретасы толық қалпына келтірілген. Олар Оңтүстік Жезқазған кенішіне арналған Epiroc Boomer M1 D және «Жомарт» кенішіне арналған Epiroc L2D қондырғылары.

Компанияның мәліметінше, техникалық паркті жаңарту өндірістегі жоспардан тыс тоқтап қалуды азайтып, кеніштердің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp