2026 жылы «Қазақмыс» компаниясы тау-кен жабдықтарын жөндеу мен қалпына келтіруге 6,7 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қаржының басым бөлігі техниканың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге және өндірістегі жоспардан тыс үзілістердің алдын алуға бағытталған.
Компания мәліметінше, жыл басынан бері кеніштердегі 346 бірлік тау-кен техникасы ағымдағы жөндеуден өтті. Оның басым бөлігі Жезқазған өңіріне тиесілі. Мұнда 277 техника жөнделсе, Балқаш өңірінде 38, Қарағанды өңірінде 31 бірлік жабдық қалпына келтірілді.
Жөндеу жұмыстары тек техниканы тексерумен шектелмейді. Мамандар негізгі тораптар мен агрегаттарды да қалпына келтіріп, тозған бөлшектерді ауыстырып жатыр. Қазірдің өзінде 193 торап бойынша жұмыс орындалған. Жыл соңына дейін тағы 100-ге жуық торапты жөндеу немесе жаңасына ауыстыру жоспарланып отыр.
Жөндеу бағдарламасы бұрғылау қондырғыларын, тиеу-жеткізу машиналарын, автосамосвалдарды және Caterpillar, Sandvik, Epiroc маркалы басқа да тау-кен техникасын қамтиды.
Қосалқы бөлшектер қоры да толықтырылып жатыр. Қазіргі уақытта қоймаларда 183 ірі габаритті шина бар. Бұл қор шамамен 26 күндік қажеттілікті өтеуге жетеді. Бұған қоса, компания тағы 943 шина жеткізуге тапсырыс берген. Жеткізілім келісілген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда.
2026 жылдың соңына дейін жабдықтарды жөндеу, тозған бөлшектерді қалпына келтіру және өндірістік бөлімшелерді қажетті қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады.
Компанияның бұл бағдарламасы тау-кен техникасының сенімділігін арттырып, өндірістегі үзілістерді азайтуға және кеніштердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.