Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жезқазған мыс балқыту зауытының балқытушысы Әбдірашит Доспановқа өндірістегі айрықша еңбегі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары атағын берді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Әбдірашит Доспанов металлургия саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ол әкесінің жолын жалғастырып, жинақтаған кәсіби тәжірибесін жас мамандарға үйретіп жүр.
Мемлекет басшысы металлургтің кәсіби шеберлігі мен еңбекке адалдығын атап өтіп, оның елдің дамуына қосқан үлесіне жоғары баға берді.
«Өзінің кәсіби шеберлігі мен еңбекке адалдығының арқасында ол зор жетістіктерге жетіп, еліміздің дамуына елеулі үлес қосты», – деді Президент.
Мемлекеттік наградаға «Kazakhmys Smelting» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытының қызметкері ие болды. Оған «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен бірге Алтын жұлдыз және «Отан» ордені табысталды.
Бұл марапат металлургтің көп жылғы адал еңбегін бағалаумен қатар, отандық өнеркәсіптің дамуына үлес қосып жүрген жұмысшы мамандықтар өкілдеріне көрсетілген құрметтің белгісі болды.