Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақмыс өндірісіне жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізіп жатыр

Бақытжан Мұса
Қазақмыс
Қазақмыс

«Қазақмыс» компаниясы өндірістік үдерістерді басқару, өнеркәсіптік қауіпсіздік және геологиялық барлау салаларына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізуде. Жаңа жүйелер өндіріс тиімділігін арттыруға, жабдықтардың жұмысын бақылауға және ықтимал қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы компанияның цифрлық трансформация бағытындағы жұмыстары жөніндегі ақпаратта айтылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Цифрландырудың негізгі жобаларының бірі – 2026 жылғы қазанда Жезқазған қаласында ашылған Бірыңғай диспетчерлік орталық. Мұнда тау-кен өндірісі, кен байыту, теміржол логистикасы және өнеркәсіптік қауіпсіздік бағыттарындағы ақпарат бір жүйеге біріктірілген.

Орталық арқылы өндірістік көрсеткіштерді, жұмысшылар мен техниканың орналасқан жерін, бейнебақылау камераларынан алынған мәліметтерді бақылауға болады. Сонымен қатар интеллектуалды бейнесараптама технологиялары қолданылады. Бұл мамандарға өндірістегі ауытқуларды анықтап, жабдықтардың тоқтап қалу себептерін талдауға және қауіпті жағдайларға жедел әрекет етуге көмектеседі.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында да цифрлық бақылау күшейтілген. «Жомарт» кенішінде шахта атмосферасы тұрақты бақыланады. Газ талдағыштардан алынған мәліметтер диспетчерлік орталыққа жіберіледі. Қазір кәсіпорында 130 портативті газ талдағыш пайдаланылып, жер астында жұмыс істейтін 62 техника метан-релемен жабдықталған.

Бұдан бөлек, компания үш өңірдегі 59 нысанды қамтитын қолжетімділікті бақылау жүйесін енгізіп жатыр. Өндірістік алаңдардағы сымсыз байланыс инфрақұрылымы да кеңейтілуде.

Цифрлық технологиялар геологиялық барлау жұмыстарында да қолданылуда. 2026 жылы осы бағыттағы 20 жобаны жүзеге асыруға жалпы 18,2 млн доллар инвестиция қарастырылған. Геологиялық ақпаратты сақтау мен өңдеуге арналған бірыңғай цифрлық орта құрылып, 50 техника бірлігін бақылау жүйесі енгізілген.

Жезқазғандағы геологиялық кластерде кернді зерттеу, деректерді өңдеу және цифрлық геологиялық модельдер жасау үшін ANCORELOG және LithoLens кешендері пайдаланылуда. Ал шалғайдағы өндірістік учаскелерде байланыс орнату үшін Starlink спутниктік жүйесі іске қосылған.

Сонымен қатар Жезқазған және Балқаш байыту фабрикаларындағы ұсақтау жабдықтарының мониторинг жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл технологиялар жабдықтардың техникалық жағдайын бақылауға, ақауларды ерте анықтауға және жөндеу жұмыстарын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Компания тау-кен жұмыстарын жоспарлау кезінде де цифрлық модельдеуді дамытуға басымдық беріп отыр. 2026 жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар аясында цифрлық құралдарды енгізуге 3,3 млрд теңге бөлінген. Ал геотехникалық сүйемелдеу мен үш өлшемді геомеханикалық модельдер жасауға 800 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Алдағы уақытта өндірістік тапсырмаларды автоматтандыру, жұмыс орындарының дайындық деңгейін цифрлық бағалау және тау-кен жабдықтарының жұмысын электронды есепке алу жоспарланып отыр. Тапсырмалардың орындалуы туралы мәліметтер кеніштің цифрлық картасында көрсетілмек.

Компанияның мәліметінше, цифрландыру жұмыстары геологиялық барлаудан бастап кен өндіру, байыту және тасымалдауға дейінгі өндірістік тізбекті қамтиды. Негізгі мақсат – жабдықтардың сенімділігін арттыру, өндірістік тәуекелдерді азайту, ресурстарды тиімді пайдалану және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Бөлісу: Telegram WhatsApp