«Қазақмыс» компаниясы өндірістік жарақаттанудың алдын алу және қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында Қарағанды өңірінде екі күндік форум ұйымдастырды. Іс-шара 2-3 қараша күндері Нұрқазған байыту фабрикасында өтті. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Форумға компания басшылары, кәсіпорын директорлары, өндірістік учаскелердің жетекшілері, бригадирлер мен қауіпсіздікке жауапты мамандар қатысты. Жиын барысында өндірістегі жазатайым оқиғалардың себептері талданып, олардың алдын алуға бағытталған практикалық шаралар қарастырылды.
Форумның негізгі бөлімі тәжірибелік талқылау форматында өтті. Қатысушылар өндірісте болған оқиғалардың бірін бірлесіп талдап, оның себептерін анықтады. Сондай-ақ осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу жолдарын белгіледі.
Талқылау барысында жұмысты жеделдетуге ұмтылу, жеке тәжірибеге шамадан тыс сүйену және белгіленген қауіпсіздік рәсімдерінен ауытқу сияқты тәуекелдерге ерекше назар аударылды. Мамандар өндірістік қауіпсіздік тек жұмыскерлердің әрекетіне емес, еңбек үдерісін дұрыс ұйымдастыруға және басшылардың қабылдайтын шешімдеріне де байланысты екенін атап өтті.
Компанияның негізгі қағидаттарының бірі – өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда әрбір жұмыскердің жұмысты тоқтатуға құқығы бар. Қауіпті жағдай туралы дер кезінде хабарлау және оны жою өндірістік мәдениеттің маңызды бөлігі саналады.
Форум қорытындысы бойынша анықталған тәуекелдерді жоюға және Қарағанды шахтапроходкалау басқармасы бөлімшелеріндегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленді.
Айта кетейік, «Қазақмыс» компаниясында 2026 жыл Қауіпсіздік жылы болып жарияланған. Бұған дейін осындай форум Ұлытау облысындағы Ғ.О. Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінде өткен. Алдағы уақытта бұл тәжірибені компанияның басқа кәсіпорындарына да енгізу жоспарланып отыр.
Форумның басты мақсаты – өндірістік оқиғалардың салдарын жоюдан олардың алдын алуға көшу және қауіпті жағдайлардың себептерін тікелей өндіріс орнында жою.