Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» өндірістік жарақаттану деңгейін 40%-ға төмендетті

Бақытжан Мұса
Қазақмыс
Қазақмыс

«Қазақмыс» Тобы 2026 жылдың алғашқы тоғыз айындағы өндірістік қауіпсіздік көрсеткіштерін қорытындылады. Есепті кезеңде корпорация қызметкерлері арасындағы жарақаттану деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға төмендеген. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Астанада «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков пен Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлінің жетекшілігімен Өндірістік қауіпсіздік жөніндегі басқарушы комитеттің отырысы өтті.

Жиында өндірістік қауіпсіздік саласындағы негізгі нәтижелер, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бағытындағы тәуекелдерді азайту шаралары талқыланды. Оған Басқарма мүшелері, өндірістік бөлімшелердің, еншілес ұйымдар мен бейінді қызметтердің басшылары қатысты.

Есепті кезеңде корпорацияның өз қызметкерлері арасында өліммен аяқталған өндірістік жарақат алу оқиғалары тіркелмеген. Сонымен қатар мердігер ұйымдардың қауіпсіздік талаптарын сақтауына бақылау күшейтілді.

Отырыс барысында тау жыныстарының опырылуын болдырмау, биіктікте жұмыс істеу, электр қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өздігінен жүретін техникаға байланысты оқиғалардың алдын алу мәселелері қаралды.

Жүк көтергіш жабдықтардың техникалық жай-күйіне де ерекше назар аударылды. Кешенді аудит аясында 550 механизм тексерілді. Бұл жалпы жабдықтардың 74%-ын құрайды. Тексеру нәтижесінде 916 заң бұзушылық анықталып, оның 245-і жойылды.

Қауіпсіздік бойынша оқыту жұмыстары да жалғасуда. Қазан айында Балқаш қаласында биіктікте қауіпсіз жұмыс істеуге арналған оқу полигоны іске қосылды. Онда 184 жұмыскер оқудан өтті. Сәтбаев қаласында Ғ.О. Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің оқу-өндірістік полигоны ашылды. Бұдан бөлек, электр қауіпсіздігі бойынша тәжірибелік даярлық алаңын ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Корпорация өндірістік қауіпсіздікті арттыру үшін инженерлік және цифрлық шешімдерді де енгізуде. Қазіргі уақытта жер асты техникасының адамдармен және басқа машиналармен соқтығысуына жол бермейтін жүйе сынақтан өткізіліп жатыр.

Сондай-ақ өндірістік оқиғаларды есепке алу, олардың себептерін талдау және алдын алу шараларының орындалуын бақылауға арналған «Оқиғалар» цифрлық модулі әзірленді. Оны кезең-кезеңімен енгізу 2026 жылғы желтоқсанға жоспарланған.

«Қазақмыс» жариялаған Қауіпсіздік жылы аясында өндірістік тәуекелдерді төмендету, бақылау жүйесін жетілдіру және заманауи технологияларды енгізу жұмыстары жалғасады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp