«Қазақмыс» корпорациясы 2026 жылы тоғыз елді мекенді көгалдандыруға 200 млн теңгеден астам қаражат бөлді. Нәтижесінде Қазақстанның қалалары мен ауылдарында 8 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Компания экологиялық жобаларды «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында жүзеге асырды. Көгалдандыру жұмыстары Жезқазған, Қарағанды, Балқаш қалаларында, сондай-ақ Саяқ, Қарағайлы, Шешенқара, Баймырза, Бірлік және Бірлік-Үстем елді мекендерінде жүргізілді.
Жобаның негізгі мақсаты – өңірлердегі жасыл аймақтардың көлемін арттыру және тұрғындар үшін қолайлы экологиялық орта қалыптастыру.
Сонымен қатар отырғызылған ағаштардың жерсініп, жақсы өсуіне жағдай жасау үшін арнайы күтім жұмыстары қолға алынды. Атап айтқанда, ағаш егілген аумақтарда тамшылатып суару жүйелері орнатылды. Бұл суды тиімді пайдалануға және көшеттерді тұрақты суаруға мүмкіндік береді.
Көгалдандыру жұмыстары елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсартуға, ауадағы шаң-тозаң мөлшерін азайтуға және жасыл инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Компанияның мәліметінше, экологиялық жобаларды іске асыру «Қазақмыс» корпорациясының экологиялық саясатының маңызды бағыттарының бірі болып саналады. Бұл жұмыстар 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының мақсаттарына сәйкес жүзеге асырылуда.