«Қазақмыс» Тобы «Парыз–2026» өңірлік байқауында «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Сонымен қатар компанияның бірқатар кәсіпорны мен қызметкерлері әлеуметтік жауапкершілік және еңбек жетістіктері үшін марапаттарға ие болды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
13 қарашада Жезқазған қаласында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға және еңбек адамдарының кәсіби жетістіктерін дәріптеуге бағытталған «Парыз–2026» және «Еңбек жолы» байқауларының өңірлік кезеңінің қорытындысы жарияланды.
Ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында өткен «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымындағы басты марапат «Қазақмыс» компаниясына табысталды.
Салтанатты рәсімде корпорацияның Ұлытау облысының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына қосқан үлесі атап өтілді. Атап айтқанда, 2025 жылы Жезқазған қаласында ашылған «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешені ерекше аталды. Бұл нысан өткен жылдың қорытындысы бойынша үздік әлеуметтік жоба деп танылған.
Сондай-ақ компанияның Кенгір су қоймасының жағалауын қайта жаңғырту, «Жастар» саябағын абаттандыру, Ұлытау университетінің инфрақұрылымын дамыту және «Намыс» спорт академиясын салу бағытындағы бастамаларына назар аударылды.
Байқау нәтижесінде «Қазақмыс» Тобының кәсіпорындары да бірқатар марапатқа ие болды.
«Парыз–2026» байқауының жеңімпаздары:
«Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС – «Әлеуметтік жауапты үздік кәсіпорын» аталымы бойынша жеңімпаз;
«Kazakhmys Maintenance Services» ЖШС – «Үздік ұжымдық шарт» аталымы бойынша жеңімпаз;
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС – «Үздік ұжымдық шарт» аталымы бойынша алғыс хат;
«Kazakhmys Smelting» ЖШС – «Әлеуметтік жауапты үздік кәсіпорын» аталымы бойынша алғыс хат;
«Адал Еңбек» ЖШС – «Әлеуметтік жауапты үздік кәсіпорын» және «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымдары бойынша алғыс хат.
«Еңбек жолы» байқауының нәтижелері:
Жанқоразовтар еңбек әулеті (Сәтбаев қаласы) – «Үздік еңбек әулеті» аталымы бойынша бірінші орын. Үш буыннан тұратын әулеттің 13 өкілінің жалпы еңбек өтілі 366 жылды құрайды;
Дәурен Тілекен, «Жыланды» кеніші «Қарашошақ» шахтасы учаске басшысының орынбасары – «Өндірістің үздік жас маманы» аталымы бойынша бірінші орын;
Серік Кеңесов, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалының Өңірлік бірыңғай қойма шаруашылығы №2 базасының тиегіш машинасының жүргізушісі – Ұлытау облысы әкімінің «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» аталымы бойынша алғыс хатына ие болды.
Осылайша, өңірлік байқау қорытындысы бойынша «Қазақмыс» Тобы әлеуметтік жауапкершілік, инфрақұрылымды дамыту және еңбек адамының мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстары үшін бірқатар марапатқа ие болды.