«Қазақмыс» пен Qarmet өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында тәжірибе алмасты
«Қазақмыс» корпорациясының мамандары еңбек және өнеркәсіптік қауіпсіздік бағытындағы озық тәжірибелермен танысу мақсатында Qarmet компаниясының өндірістік және құрылыс нысандарында жұмыс сапарымен болды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Кездесу барысында тараптар өндірістегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, мердігер ұйымдардың қызметін бақылау және жұмысты қауіпсіз ұйымдастыру жүйелері бойынша тәжірибе алмасты. Әсіресе жаңа өндірістік нысандардың құрылыс алаңдарында қолданылып жатқан тиімді тәсілдерге ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ мамандар мердігерлерді алдын ала біліктілік бойынша іріктеу, өндірістік объектілерге кіру талаптары, қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі цифрлық құралдар және тәжірибеде қолданылатын заманауи шешімдер жөнінде пікір алмасты.
Айта кетейік, «Қазақмыста» 2026 жыл Қауіпсіздік жылы болып жарияланған. Осыған байланысты компания өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, тиімді тәжірибелерді енгізу және өндірістегі тәуекелдерді азайту мақсатында ірі кәсіпорындардың жұмыс тәжірибесін зерделеуді жалғастырып келеді.
«Қазақмыс» компаниясы Qarmet ұжымына ашық кәсіби диалог пен тәжірибе бөлісуге дайын болғаны үшін алғыс білдірді.
Фото: Qarmet АҚ,