Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» Сәтбаевта жұмыскерлерді даярлайтын жаңа полигон ашты

Бақытжан Мұса
Қазақмыс
Қазақмыс

Сәтбаев қаласында «Қазақмыс» корпорациясының жұмыскерлерін тәжірибелік даярлауға арналған жаңа оқу-өндірістік полигон ашылды. Мұнда мамандар өндірістік міндеттерді қауіпсіз орындау дағдыларын жетілдіреді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты хабарлады.

Жаңа оқу алаңы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалы – Ғ. О. Омаров атындағы шахтопроходкалау тресінің базасында жұмыс істейді. Полигон жұмыскерлерді нақты өндірістік жағдайға барынша жақын ортада оқытуға және олардың кәсіби біліктілігін арттыруға арналған.

Оқу полигоны тоғыз бағытты қамтиды. Онда мамандар тау-кен және күрделі тау-кен жұмыстарын орындау, электр монтаждау, сорғы қондырғыларына қызмет көрсету, дәнекерлеу, арқандау, жүк көтергіш механизмдерін пайдалану және биіктікте жұмыс істеу дағдыларын меңгереді. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі мен дәрігер келгенге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша сабақтар өткізіледі.

«Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі полигонның ашылуы жұмыскерлердің біліктілігін арттырып, қауіпсіз еңбек мәдениетін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, қызметкерлер өндірістік міндеттерді орындамас бұрын қажетті дағдыларды қауіпсіз оқу жағдайында меңгеруі керек.

Жаңа алаң жас мамандарға тәжірибелі тәлімгерлердің жетекшілігімен кәсіби машықтарын жетілдіруге мүмкіндік береді. Ал тәжірибелі жұмыскерлер күрделі өндірістік жағдайларды талдап, қауіпсіз әрекет ету тәсілдерін пысықтай алады. Полигонның ашылу күні қонақтарға негізгі оқу бағыттары бойынша практикалық сабақтар көрсетілді.

Айта кетейік, «Қазақмыс» корпорациясы 2026 жылды Қауіпсіздік жылы деп жариялаған. Осы бастама аясында компания өндірістік тәуекелдердің алдын алуға, еңбек жағдайларын жақсартуға және жұмыскерлердің қауіпсіздік мәдениетін дамытуға басымдық беріп отыр.

Компания мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында өз қызметкерлері арасындағы өндірістік жарақаттану деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға төмендеген. Сонымен қатар осы кезеңде жұмыскерлер арасында адам өліміне әкелген жазатайым оқиға тіркелмеген.

Корпорация оң нәтижелерге қарамастан, өндірістік қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын атап өтті. Негізгі мақсат – жазатайым оқиғалардың алдын алып, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау.

Сәтбаевтағы жаңа полигон компанияның оқу инфрақұрылымын дамыту жұмысының жалғасы саналады. Бұған дейін осындай оқу алаңы Балқаш қаласында ашылған болатын. Енді Сәтбаевтағы полигон да жұмыскерлердің тұрақты практикалық даярлығына қызмет етеді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp