Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» шахталарды жаңғыртуға 2,44 млрд теңге бөлді

Малика Хамит
«Қазақмыс» шахталарды жаңғыртуға 2,44 млрд теңге бөлді

«Қазақмыс» компаниясы жұмысшылардың еңбек және тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында өндірістік нысандардың инфрақұрылымын жаңартып жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Бұл жолы Шығыс Жезқазған кенішіне қарасты «Анненск» шахтасындағы әкімшілік-тұрмыстық кешен жөндеуден өтті.

Жөндеу аясында ғимараттағы 68 кабинет жаңартылды. Атап айтқанда, бөлмелердің қабырғалары мен төбелері сырланып, есіктері мен еден жабындары ауыстырылды. Ал жұмысшылар күнделікті пайдаланатын жуынатын және санитарлық бөлмелерге күрделі жөндеу жүргізілді.

Кешеннің ішкі безендірілуіне де ерекше көңіл бөлінген. Қабырғаларға «Алаш» қозғалысының көрнекті өкілдері, қазақ ағартушылары, ғалымдар, ақындар мен жазушылардың портреттері ілінді. Сонымен қатар кіреберіске жұмысшылардың өз қолымен жасаған мемлекеттік рәміздер стенді қойылды. Бірінші қабатта қызметкерлерге арналған кофехана ашылды.

Шахта ғимаратының сыртқы аумағы да абаттандырылды. Мұнда ағаштар мен гүлдер отырғызылып, субұрқақ салынды. Сондай-ақ бұрғылау машинасына арналған ескерткіш орнатылды.

Компанияның мәліметінше, мұндай жаңғырту жұмыстары тек «Анненск» шахтасымен шектелмейді. 2026 жылы Жезқазған, Балқаш, Қарағанды өңірлері мен Шатыркөл алаңындағы 80-нен астам әлеуметтік-тұрмыстық нысанды күрделі және ағымдағы жөндеуге 2,44 млрд теңге қарастырылған.

Атап айтқанда, «Q.I. Satbayev atyndagy Jezqazgan Tau-ken óndirisi» өндірістік бірлестігінің өзінде 38 нысанды жаңарту жоспарланған. Жөндеу жұмыстары Оңтүстік және Батыс Жезқазған кеніштерінде, «Жомарт» кенішінде, Жезқазған байыту фабрикасында және Мамандандырылған энергия-жөндеу басқармасында жүргізілді.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – кеншілердің жұмыс істеуіне, тынығуына және күнделікті тұрмысына қолайлы жағдай жасау. Осы бағытта жуынатын бөлмелер, тұрмыстық орындар, тамақтану нысандары мен инженерлік инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp