Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» тау-кен техникасына арналған бөлшектер өндірісін жаңғыртуда

Бақытжан Мұса
Қазақмыс
Қазақмыс

«Kazakhmys Maintenance Services» ЖШС Тау-кен шахта жабдықтары зауытында өндірістік үдерістерді автоматтандыру және заманауи технологияларды енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіпорында бір жылдан бері сандық бағдарламалық басқару жүйесімен жабдықталған порталды термиялық кесу қондырғысы қолданылып келеді. Жаңа технология бөлшектерді дайындау уақытын қысқартып, металды өңдеу дәлдігін арттыруға мүмкіндік берген. Qandastar.kz сайты хабарлады.

Қондырғы кәсіпорынның дәнекерлеу-соғу цехында орнатылған. Ол көміртекті және тот баспайтын болатты, алюминийді және басқа да электр тоғын өткізетін металдарды автоматты түрде кесуге арналған.

Оператор қажетті бағдарламаны жүктегеннен кейін жабдық металды алдын ала белгіленген сызба бойынша өңдейді. Жоғары дәлдіктің арқасында күрделі пішіндегі бөлшектерді дайындауға болады. Кейбір дайын бұйымдар қосымша механикалық өңдеуді қажет етпейді.

Қондырғы операторы, газ-электр дәнекерлеушісі Марат Исанайманның айтуынша, жаңа технология өндірістік жұмыстарды едәуір жеңілдеткен. Бұрын ұзақ уақытты қажет ететін кейбір бөлшектерді қазір қажетті өлшемге барынша дәл дайындауға мүмкіндік бар.

Жабдықта металды кесудің екі әдісі қарастырылған. Плазмалық кесу арқылы қалыңдығы 20 миллиметрге дейінгі, ал газбен кесу арқылы 90 миллиметрге дейінгі металл табақтарын өңдеуге болады. Бір әдістен екіншісіне ауысу шамамен 15-30 минут уақыт алады.

Қондырғы пайдалануға берілген бір жыл ішінде электрондық базаға түрлі бөлшектердің 150-ге жуық сызбасы енгізілген. Бұл база үнемі толықтырылып отырады. Оның көмегімен тау-кен шахта техникасын жөндеуге және техникалық қызмет көрсетуге қажетті бөлшектерді дайындау мүмкіндігі кеңейіп келеді.

Кәсіпорында жаңа технологияны меңгеруге де ерекше көңіл бөлінеді. Марат Исанайман заманауи жабдықпен жұмыс істеу дағдыларын тәжірибелі дәнекерлеуші Валерий Бакуновтан үйренген.

Өндірісті автоматтандыру кәсіпорынның жөндеу жұмыстарын өз күшімен орындау мүмкіндігін арттырып, еңбек өнімділігі мен дайын бөлшектердің сапасын жақсартуға бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp