Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» тоғыз айда өндірістік жарақаттануды 40%-ға төмендетті

Бақытжан Мұса 61 қаралым
Қазақмыс
Қазақмыс

Балқаш қаласында «Қазақмыс» компаниясының Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі мен Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков еңбек ұжымдарымен кездесті. Жиынға компания кәсіпорындары мен еншілес ұйымдарының 650-ден астам қызметкері қатысты. Кездесу барысында өндірістік қауіпсіздік, кәсіпорындарды жаңғырту және еңбек жағдайларын жақсарту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Руслан Өскенәлі жұмыскерлердің өтініштерін қарау және олар бойынша нақты шешім қабылдау маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір мәселе бойынша жауапты тұлға белгіленіп, орындалу мерзімі нақты көрсетілуі қажет.

Компанияның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында өз жұмыскерлері арасында адам өліміне әкеп соққан жазатайым оқиғалар тіркелмеген. Сонымен қатар өндірістік жарақаттану деңгейі 40 пайызға төмендеген.

Өндірісті дамыту бағытында пайдалану-барлау бұрғылауының көлемі 103 мың қума метрден асып, кен қорының өсімі 1,75 миллион тоннаны құрады. Компания концентраттағы және катодты мыс өндірудің жоспарлы қарқынын сақтап отыр.

Кәсіпорындарды жаңғырту аясында жөндеу бағдарламасының бюджеті екі еседен астам ұлғайып, 23,1 миллиард теңгеге жетті. Жоспарланған 354 нысанның 157-сінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ тау-кен техникасын, өндірістік жабдықтарды, шахталардың желдету жүйелерін және металлургиялық қуаттарды жаңарту жалғасуда.

Еңбек жағдайларын жақсарту мақсатында 81 санитарлық-тұрмыстық нысан жаңартылып, арнайы киім сақтауға арналған 7 149 шкаф жеткізілді. Бірыңғай тамақтандыру операторы тәулігіне 10 мыңнан астам жұмыскерге қызмет көрсетеді.

Әлеуметтік қолдау аясында 3 мыңға жуық адамға жалпы сомасы 1,3 миллиард теңге материалдық көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, 1 726 қызметкердің шипажайлық-курорттық емделу шығындары өтеліп, жұмыскерлерге 34 пәтер тегін берілді. Сондай-ақ 1 200 баланың жазғы демалысы ұйымдастырылды.

Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков өндірісті жаңғырту жұмыскерлердің еңбек жағдайларын жақсартумен және өмір сүру сапасын арттырумен қатар жүруі керектігін айтты.

Кездесу ашық сұрақ-жауап сессиясымен аяқталды. Қосымша қарауды қажет ететін өтініштер жауапты басшыларға бекітіліп, оларды орындау және кері байланыс беру мерзімдері белгіленді.

Компанияның мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында «Қазақмыс» кәсіпорындарында еңбек ұжымдарымен 418 жұмыс кездесуі өткізілген. Компания басшылығы жұмыскерлермен тікелей диалогты жалғастырып, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауды қамтамасыз етпек.

Бөлісу: Telegram WhatsApp