Жамбыл облысы Шу ауданының Көкқайнар ауылында жаңа волейбол және баскетбол алаңдары пайдалануға берілді. Спорт нысандары «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның қаржылай қолдауымен салынды. Компания жобаға 20 млн теңгеге жуық қаражат бөлді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Жаңа спорт алаңдары С. Естемесов атындағы орта мектептің аумағында орналасқан. Нысандар мектеп оқушыларына ғана емес, ауыл тұрғындарына да қолжетімді болады. Оқу уақытында мұнда дене шынықтыру сабақтары өткізілсе, сабақтан тыс уақытта жергілікті тұрғындар спортпен шұғылдана алады.
Жоба аясында алаңдардың негізі дайындалып, арнайы жабын төселген. Сонымен қатар қажетті спорттық жабдықтар орнатылып, аумағы абаттандырылды. Құрылыс жұмыстары толық аяқталған.
Ауыл тұрғындары жаңа спорт нысандарының ашылуын көптен күткен. Енді балалар мен жастар волейбол және баскетбол ойнау үшін басқа елді мекендерге бармай-ақ, ауылдағы заманауи алаңдарды пайдалана алады.
Жоба «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС мен Шу ауданының әкімдігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылды.
Компания өкілдерінің мәліметінше, ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамыту бұқаралық спортты насихаттауға, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған.