Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» Жезқазған фабрикасын жаңартуға 218 млн теңгеден астам қаржы бөлді

Малика Хамит 26 қаралым
«Қазақмыс» Жезқазған фабрикасын жаңартуға 218 млн теңгеден астам қаржы бөлді

Жезқазған байыту фабрикасындағы жұмысшыларға арналған әлеуметтік-тұрмыстық нысандар жаңартылып жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Жобаға 218,6 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.

Жаңғырту жұмыстары фабриканың №1, №2 және №3 әкімшілік-тұрмыстық корпустарын және медициналық пунктін қамтиды.

Негізгі мақсат – қызметкерлер күнделікті пайдаланатын орындардың жағдайын жақсартып, оларды заманауи талаптарға сәйкестендіру. Қазір жуынатын бөлмелер, киім ауыстыратын орындар, санитарлық тораптар, дәліздер мен баспалдақ алаңдары жөнделіп жатыр.

№1 және №2 корпустарда жұмыстар ауқымды түрде жүргізілуде. Мұнда ішкі бөлмелермен қатар ғимараттардың жертөлесі, шатыры мен қасбеті де жаңартылуда. Ал №3 корпуста санитарлық бөлмелер, дәліздер мен баспалдақ алаңдары ретке келтірілді.

Жөндеу медициналық пунктті де қамтыған. Оның ішкі бөлмелері, шатыры мен қасбеті жаңартылып, жылыту, кәріз және электрмен жабдықтау жүйелері қайта жасақталуда. Сантехникалық жабдықтар да жаңасына ауыстырылып жатыр.

Жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен орындалуда.

Компанияның мәліметінше, 2026 жылы жаңа басқарушы команда еңбек жағдайын жақсарту мен өндіріс инфрақұрылымын жаңартуды басым бағыттардың біріне айналдырған.

Бағдарлама өндірістік нысандармен қатар жұмысшылардың күнделікті тұрмысында пайдаланылатын әлеуметтік инфрақұрылымды да қамтиды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp