Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында саябақтар абаттандырылып, спорт және білім беру нысандары салынып жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.
«Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі өңірге жұмыс сапары кезінде бірқатар жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.

Жезқазғанда жаңа қоғамдық кеңістіктер пайда болады
Жұмыс сапары барысында Руслан Өскенәлі алдымен Кеңгір су қоймасының жағалауын абаттандыру жобасын көрді. Құны 3,4 млрд теңге болатын жоба компанияның қаржысы есебінен жүзеге асырылып жатыр. Жұмыс аяқталғаннан кейін жағалау тұрғындардың серуендеп, демалуына арналған орынға айналмақ.
Жақын маңда салынып жатқан облыстық орталық мешіттің құрылысы да аяқталуға жақын.

Екі нысанның айналасы біртұтас қоғамдық кеңістік ретінде қалыптастырылмақ.
Басқарма төрағасы «Жастар» саябағын жаңғырту жұмыстарын да тексерді. Бұл жобаға 4,9 млрд теңге қарастырылған. Саябақта жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған жолдар, субұрқақ, заманауи балалар алаңдары және жасыл аймақтар салынады.

Жұмысты 2026 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар С. Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Оған 5,1 млрд теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстарын 2027 жылдың бірінші тоқсанында аяқтау көзделген.

Жастарға спортпен айналысуға мүмкіндік кеңейеді
Руслан Өскенәлі «NAMYS» академиясының аумағында салынып жатқан ашық спорт алаңымен де танысты. Мұнда футбол алаңы мен воркаут аймағы жабдықталады.

Академияда күрес, күштік жаттығулар, спорттық ойындар мен би сабақтарына арналған залдар, сондай-ақ 150 орындық жатақхана бар. Бұл жастарға спортпен кәсіби деңгейде айналысып, сонымен қатар білім алуына мүмкіндік береді.
Сәтбаевта кеншілерге арналған алаң жаңартылады
Сәтбаев қаласында Кенші даңқы алаңын абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Құны 3,3 млрд теңге болатын жоба кеншілердің еңбегі мен өңірдің өндірістік дәстүрін дәріптеуге арналған қоғамдық кеңістікті жаңартуды көздейді.
Негізгі жұмыстарды 2026 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланған. Ал аумақты көгалдандыру 2027 жылдың екінші тоқсанына дейін жалғасады.
Ұлытау университетінде жаңа оқу корпусы мен жатақхана салынып жатыр

Жұмыс сапарының келесі бағыты Ұлытау университеті болды. Мұнда негізгі оқу корпусы мен спорт залының құрылысы аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, 140 орындық жатақхана салынуда.
Университеттің материалдық-техникалық базасын дамыту өңір жастарының сапалы білім алуына және тау-кен өндірісі мен металлургия салаларына қажетті білікті мамандар даярлауға бағытталған.
Сапар кезінде «Қазақмыс» басшылығы университет аумағына ағаш көшеттерін отырғызуға да қатысты.
Жұмыс сапарының қорытындысында Руслан Өскенәлі жобалардың белгіленген мерзімде орындалуы мен құрылыс сапасына назар аударды.
Компанияның мәліметінше, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру өңір тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға, жастардың білім алу және спортпен айналысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.