Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақмыс Жезқазған зауытындағы конвертерді жөндеуге 396,9 млн теңге бөлді

Малика Хамит 18 қаралым
Қазақмыс Жезқазған зауытындағы конвертерді жөндеуге 396,9 млн теңге бөлді

Жезқазған мыс балқыту зауытында негізгі өндірістік жабдықтардың бірі – №1 конвертерді күрделі жөндеу аяқталуға жақын, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Жұмысқа 396,9 млн теңге жұмсалды. Кәсіпорында алдағы уақытта тағы екі конвертерді жөндеу жоспарланып отыр.

«Kazakhmys Smelting» ЖШС мәліметінше, жөндеу жұмыстары 1 қазанда басталған. Мамандар осы уақыт ішінде конвертердің ішкі отқа төзімді қаптамасын толық ауыстырып, қаңқасын дәнекерледі. Сонымен қатар №2, №3 және №4 бронь тақталары жаңартылды.

Жөндеудің мақсаты – жабдықтың техникалық жағдайын қалпына келтіріп, оның сенімді әрі тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Жезқазған мыс балқыту зауытының балқыту цехында барлығы төрт конвертер бар. Олар штейнді өңдеп, тазартылмаған мыс алуға пайдаланылады. Әр конвертер 160 балқымадан кейін жоспарлы жөндеуден өтеді.

Жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. №1 конвертердегі жұмыс аяқталған соң, 20 қазанда №2 конвертерді ағымдағы жөндеуге тоқтату көзделген. Ал 7 қарашада №3 конвертер жөндеуге жіберіледі.

Кәсіпорында жабдықтарға техникалық қызмет көрсету жылдық жоспарға сәйкес ұйымдастырылады. Ағымдағы жөндеу бекітілген бюджет аясында, ал күрделі жөндеу инвестициялық бағдарлама бойынша жүргізіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақмыс 2026 жылы Жезқазған мыс балқыту зауытын жаңғыртуға 25,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлетіні хабарланған еді. Бұл қаражат жабдықтарды жаңарту мен өндірістік қуаттардың сенімділігін арттыруға бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp