Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақмыс Жезқазғанда 2028 жылға дейінгі геологиялық барлау жоспарын таныстырды

Бақытжан Мұса 20 қаралым
Қазақмыс
Қазақмыс

«Қазақмыс» компаниясы Жезқазған өңірінде мыстың жаңа қорын іздеу және геологиялық барлау жұмыстарын дамыту жоспарын таныстырды. Мамандар 2026–2028 жылдарға арналған жұмыстардың негізгі бағыттарын кеніш жұмысшыларымен талқылады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Жезқазғанда «Қазақмыс» басшылығының кеніш жұмысшыларымен кездесуі өтті. Жиын барысында өңірдің минералдық-шикізат базасын кеңейту, жаңа кен қорларын анықтау және қолданыстағы кен орындарының даму перспективалары қарастырылды.

Кездесуге «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасының геология және даму жөніндегі орынбасары, «Қазақмыс Барлау» ЖШС бас директоры Ғ. Нұржанов, бас геологтар, кеніш директорлары, техникалық қызмет мамандары мен шахта жұмысшылары қатысты.

Кеншілер Геологиялық кластердің техникалық мүмкіндіктерімен танысып, жер қойнауын зерттеу әдістері мен бұрғылау жүргізуге перспективалы учаскелерді анықтау қағидаттары туралы ақпарат алды.

Жезқазған-Жыланды кенді ауданындағы барлау жұмыстарына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Жезқазған кен орнының қапталдары мен терең деңгейжиектерінен мыстың қосымша өнеркәсіптік қорларын іздеу мәселелері талқыланды.

Мамандар 2026 жылдың алғашқы тоғыз айындағы геологиялық барлау жұмыстарының қорытындыларын, кеніштердің қорлармен қамтамасыз етілу деңгейін және геологиялық-геофизикалық деректерді талдау нәтижелерін ұсынды. Сонымен қатар алдағы үш жылда минералдық-шикізат базасын кеңейту жоспары таныстырылды.

Бұдан бөлек, барлау ұңғымаларын жобалау, зерттеу жүргізуге басымдық берілген учаскелерді таңдау және іздеу жұмыстарының келесі кезеңдері қарастырылды.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, кеншілерге геологиялық қызмет мамандарына сұрақ қойып, өз ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік берілді.

Компания өкілдерінің айтуынша, геологиялық барлауды дамыту тау-кен кәсіпорындарының ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды бағыттардың бірі саналады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp