Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақмыс Жезқазғанда цифрлық диспетчерлік орталық ашты

Бақытжан Мұса 13 қаралым
Қазақмыс
Қазақмыс

Жезқазғанда «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік үдерістерді нақты уақыт режимінде бақылауға арналған Орталық диспетчерлік орталығы іске қосылды. Жаңа орталық тау-кен жұмыстарын, кен байытуды, теміржол логистикасын және өнеркәсіптік қауіпсіздікті бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіреді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Орталықтың ашылу рәсіміне «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі мен Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен қатысты.

Жаңа жүйе өндірістік көрсеткіштерді бақылауға, жұмыскерлер мен техниканың орналасқан жері туралы ақпарат алуға, сондай-ақ бейнебақылау және жасанды интеллект негізіндегі бейнеталдау нәтижелерін біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл өндірістегі ауытқуларды дер кезінде анықтап, техниканың жұмысын бақылауға және ықтимал қауіптердің алдын алуға жағдай жасайды.

Руслан Өскенәлі цифрландыру өндіріс тиімділігін арттырумен қатар, жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, орталық өндірістегі мәселелерге жедел әрекет етуге және тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Есет Байкен цифрлық технологияларды өнеркәсіпке енгізу кәсіпорындардың тиімділігін арттырып қана қоймай, кеншілер мен металлургтердің тұрмыс сапасын жақсартуға да ықпал етуі керектігін айтты.

Компания өндірістік қауіпсіздікті күшейту мақсатында жерасты кеніштерінде зияткерлік диспетчерлеу жүйелерін енгізіп, жасанды интеллект негізіндегі бейнеталдауды дамытып жатыр. Атап айтқанда, Жомарт кенішінде атмосфераны үздіксіз бақылауға арналған 40 бекеттен тұратын газ-ауа ортасын бақылау жүйесін іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар өздігінен жүретін тау-кен техникасына қауіпті газдарды анықтайтын және жұмыскерлерге ескерту беретін 62 газталдағыш орнатылған.

Бұдан бөлек, «Қазақмыс» үш өңірдегі 59 нысанға бірыңғай қолжетімділікті бақылау жүйесін енгізіп, өндірістік алаңдардағы сымсыз желіні кеңейтуде. Қазіргі уақытта компания компьютерлік жабдықтарын да жаңартып жатыр.

Орталық диспетчерлік орталықтың іске қосылуы «Қазақмыстың» цифрлық трансформация бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Жоба өндірісті басқаруды жетілдіруге, шешім қабылдау жылдамдығын арттыруға және өнеркәсіптік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp