Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» Жезқазғанда жаңа мешіт салуға қаржы бөлді

Малика Хамит
«Қазақмыс» Жезқазғанда жаңа мешіт салуға қаржы бөлді

13 қарашада Жезқазған қаласында Ұлытау облысының орталық мешіті салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Бір мезетте 3 мыңға дейін адамды қабылдай алатын жаңа ғимараттың құрылысын «Қазақмыс» корпорациясы қаржыландырған.

Жаңа мешіт қаланың орталық бөлігінде орналасқан. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы – 3 800 шаршы метр. Ал оның айналасындағы 4 855 шаршы метр жер абаттандырылып, көгалдандырылады.

Ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы, өңірдің құрметті азаматтары мен ақсақалдар қатысты.

Бас мүфти жаңа мешіттің ашылуын Ұлытау өңірінің рухани өміріндегі тарихи оқиға деп бағалады. Оның айтуынша, қасиетті Ұлытау жерінде мұндай нысанның бой көтеруі халықтың діни сенімі мен рухани құндылықтарына деген құрметті білдіреді.

Мешіт құрылысы 2025 жылы басталған. Жобаға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тапсырыс беріп, бас мердігер ретінде «Integra Construction» компаниясы жұмыс істеген.

Жезқазғанда тағы қандай жобалар жүзеге асырылады?

«Қазақмыс» компаниясы Ұлытау облысында тек өндірістік емес, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға да қаржы бөліп келеді.

Қазір Жезқазғанда Кеңгір су қоймасының жағалауын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, «Жастар» саябағы абаттандырылып, С. Қожамқұлов атындағы театр күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Сондай-ақ «Намыс» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы салынуда.

Ұлытау университетінің құрылысы да аяқталуға жақын. Студенттер жатақханасын тұрғызу жұмыстары соңғы кезеңге жеткен.

Ал Сәтбаев қаласында Шахтер даңқы алаңы жаңғыртылып, қалалық аурухана жанынан жаңа травматология бөлімшесіне арналған қосымша ғимарат салынуда.

Компанияның жоспарына сәйкес, 2027 жылы өңірде тағы бірнеше ірі нысанның құрылысы басталмақ. Олардың қатарында көпфункционалды конгресс-орталық, футбол стадионы және заманауи теннис орталығы бар.

«Ұлытау облысының дамуы біз үшін ерекше маңызға ие. Өндірісті жаңғырта отырып, компаниямыздың басты қағидатын – халықтың игілігі үшін қызмет етуді әрдайым басшылыққа аламыз», – деді «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.

Бөлісу: Telegram WhatsApp