Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» жыл соңына дейін 3 мың жұмыскерін алғашқы көмек көрсетуге үйретеді

Бақытжан Мұса
Қазақмыс
Қазақмыс

«Қазақмыс» Тобы 2026 жылдың соңына дейін 3 000 жұмыскерін алғашқы медициналық көмек көрсету дағдысына үйретуді жоспарлап отыр. Ал 2027 жылы оқыту бағдарламасы компанияның барлық персоналын кезең-кезеңімен қамтиды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Оқыту бағдарламасы компания жариялаған Қауіпсіздік жылы аясында қолға алынды. Жобаны «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС әлеуметтік саясат департаментінің медицина бөлімі мен «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС бірлесіп жүзеге асыруда.

Алғашқы сабақтар 16 қарашада бір мезгілде үш өндірістік алаңда басталды. Олар: Сәтбаев қаласындағы Ғ.О. Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің оқу-өндірістік полигоны, Балқаш қаласындағы оқу-жаттығу полигоны және Қарағанды облысындағы «Нұрқазған» кенішi.

Оқытуды арнайы даярлықтан өткен медицина қызметкерлері жүргізеді. Бір күндік курс барысында жұмыскерлер төтенше жағдай кезінде алғашқы көмек көрсетудің негізгі тәсілдерін тәжірибе жүзінде меңгереді.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – медицина қызметкерлері келгенге дейін зардап шеккен адамға дер кезінде әрі дұрыс көмек көрсетуге үйрету.

Тау-кен металлургия саласында мұндай дағдылардың маңызы зор. Кеніштерде, байыту фабрикаларында және металлургиялық зауыттарда жазатайым оқиға болған жағдайда зардап шеккен адамның жанында алғаш болып көбіне әріптестері болады. Сондықтан алғашқы минуттарда дұрыс әрекет ету адамның өмірі мен денсаулығын сақтауға ықпал етеді.

Оқыту жұмыстары «Қазақмыс» Тобының кәсіпорындарында кезең-кезеңімен жалғасады. Бағдарлама өндірістік қауіпсіздік жүйесін толықтырып, жұмыскерлердің төтенше жағдайларға дайындығын арттыруға және әріптестерінің өмірі мен денсаулығына жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp