Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақмысқа жұмысқа кіргіземін деп ақша сұрағандар анықталды

Малика Хамит
Қазақмысқа жұмысқа кіргіземін деп ақша сұрағандар анықталды

«Қазақмыс» корпорациясының кәсіпорындарына жұмысқа орналастыруды уәде етіп, заңсыз ақша алуға әрекеттенгендер анықталды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Мұндай үш дерек Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларында тіркелген.

Корпорацияның Қауіпсіздік қызметі құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізген жұмыстың нәтижесінде жұмысқа қабылдауға байланысты заңсыз әрекеттердің жолын кескен.

Аталған фактілер бойынша алаяқтық және коммерциялық параға сатып алу баптарымен үш қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

«Қазақмыс» өкілдері компанияға жұмысқа орналасу үшін ешкімге ақша берудің қажеті жоқ екенін ескертеді. Жұмысқа қабылдау тек ашық конкурс арқылы жүзеге асырылады. Барлық бос жұмыс орны компанияның ресми мансап порталында жарияланады.

Корпорацияның мәліметінше, іріктеудің ешбір кезеңінде үміткерлерден ақша немесе басқа да сыйақы талап етілмейді. Сондықтан белгілі бір ақыға жұмысқа кіргізуге уәде беретін делдалдарға сенбеу керек.

Күдікті ұсыныстарға тап болғандар немесе осындай заңсыз әрекеттер туралы ақпараты бар азаматтар SENIM жедел желісіне 8-800-080-8089 нөмірі арқылы хабарласа алады. Қоңырау шалу тегін. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына тікелей жүгінуге болады.

Компания жұмысқа орналасу кезінде жасалатын алаяқтық пен заңсыз делдалдықтың алдын алу үшін құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp