«Қазақмыс» Тобының Оңтүстік Жезқазған кенішінде 20 жылдық еңбек өтілі бар бұрғылаушы Шыңғыс Әйнеков жас мамандарға кәсіптің қыр-сырын үйретіп жүр. Ол сегіз жыл ішінде жеті шәкірт тәрбиелеп, бүгінде сегізінші жас маманды кәсіби тұрғыда даярлауда. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Шыңғыс Әйнеков №45 шахтаның №3 учаскесінде теспе бұрғылаушы болып жұмыс істейді. Ол тәлімгерлік қызмет атқарған уақыт ішінде жеті көмекшісінің кәсіби маман болып қалыптасуына үлес қосқан. Бүгінде оның қарамағында кеніште екі айдан бері еңбек етіп жүрген Әліби Сағынтай білім алып жатыр.
Тәжірибелі маман жас жұмысшыға бұрғылау жабдықтарының құрылымын, оларды жұмысқа дайындау тәртібін, жұмыс орнын тексеруді және өндірістік тәуекелдерді бағалауды үйретуде. Әсіресе еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауға басымдық береді.
Шыңғыс Әйнековтің айтуынша, жас маманға қауіпсіздік ережелерін тек теория жүзінде түсіндіру жеткіліксіз. Сондықтан ол әрбір қауіпті жағдайды нақты өндірістік мысалдар арқылы көрсетіп, дұрыс әрекет ету жолдарын үйретеді.
Ал Әліби Сағынтай тәжірибелі маманның жетекшілігімен жұмыс істеу өндірістік үдерісті жақсы түсінуге және жұмысқа кіріспес бұрын ықтимал қауіптерді бағалауға көмектесетінін айтады. Болашақта ол білікті бұрғылаушы болуды мақсат еткен.
Оңтүстік Жезқазған кенішінде тәлімгерлер қатарына өндірістік тәжірибесі мол әрі арнайы сертификат алған қызметкерлер тағайындалады. Оқыту үш айға созылып, жаңа жұмыскердің сынақ мерзімімен қатар жүргізіледі.
«Қазақмыс» Тобында тәлімгерлік бағдарламасы қызметкерлерді даярлау және жаңа жұмыс орындарына бейімдеу жұмысының маңызды бөлігі саналады. 2026 жылы бағдарламаға 1 600-ден астам тәжірибелі маман қатысып жатыр.
Бағдарлама жаңадан жұмысқа қабылданған қызметкерлерді ғана емес, басқа өндірістік учаскелерге ауыстырылған жұмыскерлерді, кадр резервіне алынғандарды, өндірістік практика мен дуальды оқытуға қатысушыларды да қамтиды.
Компанияның мәліметінше, тәлімгерлік жүйесі жас мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге, өндірістік міндеттерді қауіпсіз орындауына және еңбек қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.