«Қазақмыс» корпорациясы өндірістегі қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Омаров атындағы шахтопроходкалау тресінде басшылар мен өндіріс мамандары қатысқан екі күндік форум басталды.
Жиынға 48 адам қатысуда. Олардың қатарында кеніш директорлары, шахта учаскелерінің басшылары, энергетиктер және еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандар бар.
Форумның басты мақсаты – өндірістегі қауіпті жағдайлардың неден туындайтынын анықтап, олардың алдын алудың нақты жолдарын әзірлеу. Қатысушылар жұмыс орындарындағы ахуалды талқылап, техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді бірлесіп қарастырады.
Биылғы тоғыз айда шахтопроходкалау тресінде өндірістік жарақаттану өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36%-ға төмендеген. Алайда мамандар қауіпсіздік талаптарын сақтап, тәуекелдерді тұрақты бақылау маңызды екенін атап өтті.
Форум аясында қатысушылар өндірістік оқиғаларды талдап, топтық тапсырмаларды орындайды. Негізгі назар қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтауға және жазатайым оқиғалардың алдын алуға аударылады.
Талқылау нәтижесінде еңбек қауіпсіздігін арттыруға арналған нақты шаралар тізімі әзірленеді. Ұйымдастырушылардың мақсаты – оқиға болғаннан кейін оның салдарын жоюмен шектелмей, қауіптің туындауына себеп болатын факторларды алдын ала анықтау.
Айта кетейік, «Қазақмыс» корпорациясы 2026 жылды Қауіпсіздік жылы деп жариялаған. Форум барысында жинақталған тәжірибені топтың басқа кәсіпорындарында да қолдану жоспарланып отыр.