«Қазақмыс» корпорациясында өндірістік қауіпсіздікке арналған екі күндік форум аяқталды. Іс-шара барысында мамандар өндірістік тәуекелдердің алдын алу және жазатайым оқиғаларға әкелуі мүмкін себептерді жою мәселелерін талқылады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Ғ. О. Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінде өткен форумға компания басшылары, кеніш директорлары, өндірістік учаскелердің жетекшілері мен еңбекті қорғау мамандарын қоса алғанда 48 адам қатысты. Қатысушылар 24 адамнан екі топқа бөлініп, практикалық тапсырмалар орындады.
Форумның негізгі мақсаты – өндірістегі қауіпті жағдайларды алдын ала анықтау, тәуекелдерді азайту және қызметкерлердің қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету.
Практикалық сабақтарда қатысушылар жерасты жұмыстарында туындауы мүмкін қауіпті жағдайларды талдап, нақты өндірістік оқиғаларды қарастырды. Сондай-ақ қауіпсіздік деңгейін арттыру жолдарын талқылап, өндірістік тәуекелдерді жоюға бағытталған бастамалар әзірледі. Оларды шахтапроходкалау тресінің нысандарында іске асыру жоспарланып отыр.
Форумда өндірістік учаскелердегі жұмысты ұйымдастыруға тікелей жауапты желілік басшылардың рөліне ерекше назар аударылды. Қатысушылар қауіпсіздік талаптарын сақтауда басшылардың жауапкершілігін арттыру және тәуекелдерді дер кезінде анықтау қажеттігін атап өтті.
Компания мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында шахтапроходкалау тресіндегі өндірістік жарақаттану деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36%-ға төмендеген. Дегенмен бұл көрсеткіш қауіпсіздік шараларын тұрақты бақылау мен жазатайым оқиғалардың алдын алу жұмысын жалғастыру қажеттігін өзгертпейді.
Форум өткізу тәжірибесін «Қазақмыстың» өзге кәсіпорындарына да тарату жоспарланған. Бұл тәсіл өндірістік мамандардың тәжірибесін басқарушылық шешімдермен ұштастырып, ықтимал қауіптерді уақытында анықтауға және жоюға мүмкіндік береді.
Іс-шара корпорацияның қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға, еңбек жағдайына жауапкершілікті арттыруға және әрбір жұмыскердің өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі болды.