Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақмыста жүк көтергіш техника қауіпсіздігіне арналған айлық басталды

Бақытжан Мұса 29 қаралым
Қазақмыс
Қазақмыс

Қазан айында «Қазақмыс» Тобының кәсіпорындарында жүк көтергіш машиналар мен механизмдерді қауіпсіз пайдалану мәселелеріне арналған тақырыптық айлық өтеді., деп хабарлайды Qandastar.kz.

Шараның негізгі мақсаты – жүктерді көтеру және жылжыту кезінде туындайтын өндірістік тәуекелдердің алдын алу және қызметкерлердің қауіпсіздік талаптарын сақтауына назар аудару.

Айлық барысында техникалар мен жүк қармау құрылғыларының жарамдылығына, жүкті дұрыс ілуге, жабдықтың жүк көтерімділігі талаптарын сақтауға, сондай-ақ қауіпті аймақта адамдардың болуына жол бермеуге ерекше көңіл бөлінеді.

Кәсіпорындарда қызметкерлерге арналған нұсқамалар мен оқыту жұмыстары, сондай-ақ «қауіпсіздік минуттары» ұйымдастырылады. Оқу барысында нақты өндірістік жағдайлар талданып, ықтимал оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік беретін қауіпсіз әрекеттер қарастырылады.

Компанияда «Жұмысты тоқтату құқығына» да ерекше мән беріледі. Егер қызметкер өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін жағдайды, оның ішінде жарамсыз жабдықты, зақымдалған жүк қармау құрылғысын, дұрыс ілінбеген жүкті немесе қауіпті аймақта адамның болғанын байқаса, жұмысты дереу тоқтатып, бұл туралы басшысына хабарлауға құқылы.

«Қазақмыс» мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында компанияның өз қызметкерлері арасында өліммен аяқталған өндірістік жарақат жағдайы тіркелмеген. Сонымен қатар зардап шеккен қызметкерлер саны 40 пайызға азайған.

2026 жыл «Қазақмыста» Өндірістік қауіпсіздік жылы деп жарияланған. Осыған байланысты компания жыл бойы өндірістегі негізгі тәуекелдердің алдын алуға, қызметкерлерді оқытуға және қауіпсіз жұмыс орындаудағы әр жұмыскердің жеке жауапкершілігін арттыруға бағытталған шараларды жүзеге асыруда.

Тақырыптық айлық өндірістік қауіпсіздік саласындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp