Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстан 3G интернетімен қош айтысады: 2027 жылдан бастап 4G мен 5G дәуірі басталады

Малика Хамит
Қазақстан 3G интернетімен қош айтысады: 2027 жылдан бастап 4G мен 5G дәуірі басталады

Қазақстанда ескі 3G байланыс желісі кезең-кезеңімен қолданыстан шығарылады, деп хабарлайды Qandastar.kz.

2027 жылдың соңына қарай елде 3G-ден толық бас тартып, оның орнына 4G және 5G желілерін дамыту жоспарланып отыр.

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, алдағы үш жылда телекоммуникация саласына салынатын инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеден асады. Ал биылдың өзінде бұл салаға кемінде 500 млрд теңге бағыттау көзделген.

Жаңа жоспарға сәйкес:

2027 жылдың соңына дейін 4G желісі 5291 ауылға жеткізіледі;

5G байланысы 70 қала мен 300 ауылды қамтиды;

ауылдардың 92%-ы мобильді интернетке қосылады;

республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым жол мобильді байланыспен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар интернет сапасын жақсарту үшін 500-ден астам антенналық діңгек орнату жоспарланған.

Ал талшықты-оптикалық интернет биыл 3704 ауылға жеткізілуі тиіс. Келесі жылы тағы 1863 ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылады. Қалған 8% ауыл спутниктік интернетпен қамтылмақ.

Министр келтірген дерекке сүйенсек, соңғы екі жылда Қазақстандағы мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 73,6-дан 93,4 Мбит/секундқа дейін өскен.

Осылайша, 2027 жылдың соңына қарай Қазақстанда 3G желісі толықтай тарихта қалуы мүмкін.

Бөлісу: Telegram WhatsApp