Қазақстан World Population Review халықаралық статистикалық платформасы жариялаған Most Powerful Countries 2026 рейтингінде 100 мемлекеттің арасында 34-орынға ие болды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Бұл нәтиже еліміздің халықаралық аренадағы орны мен ықпалын көрсетіп, Мемлекет басшысының елдің халықаралық беделін нығайтуға, экономикалық әлеуетін арттыруға және сыртқы байланыстарды кеңейтуге бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаты аясында қарастырылады.
Қазақстан Дания, Біріккен Араб Әмірліктері, Норвегия және Сауд Арабиясы сияқты мемлекеттерден жоғары орналасқан. Посткеңестік елдер арасында Ресей ғана Қазақстаннан жоғары орынға ие болды. Рейтингтің алғашқы үштігіне Қытай, АҚШ және Үндістан кірді.
Қазақстанның халықаралық деңгейдегі ұстанымын нығайтуда көпвекторлы сыртқы саясат, халықаралық бастамаларға қатысу, серіктестік байланыстарды дамыту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған шаралар маңызды рөл атқарады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс еліміздің халықаралық ынтымақтастығын кеңейтіп, әлемдік аренадағы мүмкіндіктерін арттыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, рейтинг мемлекеттердің экономикалық және саяси ықпалын, халықаралық одақтарын және әскери әлеуетін қоса алғанда, бірнеше көрсеткіш негізінде жасалған. Сондықтан бұл нәтиже мемлекеттік саясаттың жекелеген шешімдерінің тиімділігін тікелей бағаламайды.