Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстан әлеуметтік төлем бойынша аймақтағы көшбасшылар қатарында - экономист

Малика Хамит 29 қаралым
Қазақстан әлеуметтік төлем бойынша аймақтағы көшбасшылар қатарында - экономист

Қазақстан әлеуметтік қолдаудың негізгі бағыттары бойынша аймақтағы елдердің арасында жоғары көрсеткішке ие, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Экономист Айдархан Құсайынов мүгедектік, бала туу, бала күтімі және көпбалалы отбасыларға берілетін төлемдерді бірқатар мемлекетпен салыстырды.

Мысалы, Қазақстанда 2026 жылы бірінші, екінші және үшінші бала туған кезде 164 350 теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаға 272 475 теңге біржолғы жәрдемақы беріледі.

Бұл көрсеткіш көрші елдердің бірқатарындағы төлемнен жоғары. Құсайыновтың есебінше, Ресейде шамамен 149 мың теңге, Әзербайжанда 158 мың теңге, Өзбекстанда 29,7 мың теңге, Тәжікстанда 28 мың теңге, ал Қырғызстанда 21,5 мың теңге көлемінде.

Тек Беларусьте төлем мөлшері Қазақстаннан жоғары: бірінші балаға шамамен 790 мың теңге, екінші және кейінгі балаларға 1,1 миллион теңге беріледі.

Бала күтімі бойынша да Қазақстанда бірнеше түрлі қолдау қарастырылған. Жұмыс істемейтін ата-аналарға бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайын 24 912-ден 38 493 теңгеге дейін жәрдемақы төленеді. Ал жұмыс істейтін ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан табысына байланысты қосымша әлеуметтік төлем беріледі.

Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы да отбасының табысына тәуелді емес. Төрт баласы бар отбасы ай сайын 69 330 теңге, бес баласы бар отбасы 86 673 теңге, алты баласы бар отбасы 104 017 теңге, жеті баласы бар отбасы 121 360 теңге алады.

Экономист мүгедектігі бар азаматтарға берілетін төлемдерді де салыстырған. Қазақстанда 2026 жылы I топтағы азаматтарға 111 873 теңге, II топқа 89 498 теңге, III топқа 61 022 теңге төленеді.

Құсайыновтың айтуынша, әлеуметтік қолдауды бір ғана төлеммен бағалау дұрыс емес. Бала туу, бала күтімі, мүгедектік және көпбалалы отбасыларды қолдау сияқты бірнеше бағытты бірге қарастырғанда Қазақстанның көрсеткіші өңірдегі жоғары деңгейдің бірін көрсетеді.

Әлеуметтік қолдаудың негізгі параметрлері мен бағыттары бойынша біз өңірдегі ең жомарт елміз
деп атап өтті экономист.
Бөлісу: Telegram WhatsApp