Қазақстан Қарулы Күштерін жаңғыртып, армияның жауынгерлік мүмкіндіктерін арттыруды көздеп отыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Әскери реформаның жаңа жоспары Ұшқышсыз жүйелер күштерін құруды, әскери басқару жүйесін жетілдіруді және сарбаздардың қауіпсіздігін күшейтуді қамтиды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында әскери реформаның жоспары қаралып, мақұлданды.
Президент қорғаныс саласында кешенді өзгерістер жүргізудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, елге заманауи технологияларды меңгерген, ұтқыр әрі тиімді армия қажет.
Армияда қандай жаңашылдықтар болады?
Реформа аясында бірнеше бағыт бойынша өзгеріс енгізу жоспарланып отыр:
- Ұшқышсыз жүйелер күштері құрылады. Бұл бағыт армияның технологиялық мүмкіндіктерін дамытуға арналған.
- Әскери басқару жүйесі жетілдіріледі. Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау, қорғанысты жоспарлау тәсілдерін жаңарту көзделген.
- Әскери даярлыққа қойылатын талаптар өзгереді. Сарбаздарды оқыту, әскери білім беру және кадр саясаты қайта қаралады.
- Әскердегі тәртіп күшейтіледі. Әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылады.
Бұдан бөлек, «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесін дамыту, мамандандырылған әскери мектептер санын көбейту және бастапқы әскери даярлықты жетілдіру жоспарланған.
Әскерге деген сенімді арттыру көзделген
Реформаның тағы бір бағыты — армиядағы тәрбие жұмысын жақсарту және қоғаммен байланысты нығайту. Осы мақсатта Қарулы Күштердің жаңа ақпараттық-коммуникациялық стратегиясын қабылдау ұсынылды.
Сонымен бірге әскери қызметшілердің құқықтарын қорғауға арналған жаңа институттар құру және жарғыға қайшы әрекеттердің алдын алу көзделген.
Президент қорғаныс саласындағы өзгерістерді уақытында әрі толық жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Жоспардағы ұйымдастыру шаралары 2026 жылдың соңына дейін, ал негізгі тұжырымдамалық шаралар 2027 жылы іске асырылуы тиіс.
Реформаның орындалуын Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесі үйлестіреді.