Қазақстан 2025 жылғы Жаһандық инновациялар индексінде (Global Innovation Index) Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында «Білім беру» көрсеткіші бойынша бірінші орынға ие болды. Әлемдік рейтингте еліміз 68-орынға жайғасты. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD) Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде де Қазақстанның көрсеткіші жақсарған. «Білім беру» бағыты бойынша ел 69 мемлекеттің арасында 2021 жылғы 45-орыннан 2025 жылы 38-орынға көтерілді. Бұл – соңғы бес жылдағы ең жоғары нәтиже.
Сонымен қатар Қазақстан орта білім беру жүйесіндегі оқушылар мен педагогтер санының арақатынасы бойынша 69 елдің арасында екінші орынға ие болды. IMD-ның Әлемдік таланттар рейтингінің мәліметіне сәйкес, елімізде бір педагогке орта есеппен 8,34 оқушыдан келеді.
Білім беру саласындағы оң нәтижелерге қол жеткізу үшін елімізде мектеп инфрақұрылымын дамыту, білім сапасы мен қолжетімділігін арттыру және педагогтерді қолдау бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 заманауи мектеп салынды.
Халықаралық рейтингтердің нәтижелері Қазақстанның білім беру саласындағы көрсеткіштерінің жақсарғанын көрсетеді. Бұл ретте білім беру жүйесін дамыту және адами капиталды нығайту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.